26 қар, 2019 сағат 10:27

Көкшетауда "Бала би" шешендік өнер байқауы өтті

23-24 қараша күндері Ақмола облысы Білім басқармасы мен облыстық дарынды балалармен жұмыс жөніндегі оқу-әдістемелік орталығы және Ақмола облысы бойынша "Жас Ұлан" бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының қолдауымен "Бала би"облыстық шешендік өнер байқауы өтті.

Басты мақсаты - ұлттық рухты дамыту, жастарға патриоттық тәрбие беру, шешендік өнерді дамыту.

Байқауға Атбасар, Аршалы, Бурабай, Бұланды, Зеренді, Есіл, Жақсы, Қорғалжын аудандарынан, Біржан сал ауданынан және Көкшетау қаласынан 12 команда қатысты.

"Аталмыш іс-шара қатысушылардың сыни ойлауын, шешендік шеберлігін дамытуға, өз ресурстарын тиімді пайдалануға үйретуге мүмкіндік берді", - деп атап өтті Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының бас маманы, төрешілер алқасының мүшесі Сембі Әділет.

Конкурста өзекті мәселелер талқыланды. Байқау қорытындысы бойынша жүзден жүйрік шыққандар анықталды. Атап айтсақ, "Үздік Үміт" номинациясына Зеренді ауданы "Зияткер ұрпақ" командасының спикері Кусупбекова Аида ие болды. "Үздік төреші" номинациясы бойынша "Ділмар - КУАМ" дебат клубының студенті Айтенова Мадина марапатталды. Зеренді ауданы "Зияткер ұрпақ" командасының тағы бір мүшесі Нәсіпқалиев Заңғар "Үздік жырау" аталамында үздік деп танылды.


Жүлделі үшінші орын "Өркен" командасынан (Көкшетау қаласының №3 ДБАОМИ) Төлеубаев Ильяс пен Нұрмұханова Динараға бұйырды.

ІІ орынға Бұланды ауданынан "Алаш" командасы құрамында Бейбітхан Ертай, Маратұлы Мұхамед лайық деп танылды.

Ал, "Саналы қыздар" (Көкшетау қаласы, №3 ДБАОМИ) командасы мүшелері Башарова Дариға мен Дулатова Алуа жеңімпаз атанып, 1 орынға ие болды.

Жеңімпаздар мен қатысушылар дипломдармен, алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.