© Sputnik / Тимур Батыршин
Полиция Көкшетаудағы №2 мектеп-лицейге "бомба қойылды" деген ақпаратқа қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Құрылғы оқушы жасаған муляж екені белгілі болды. Алдын ала мәлімет бойынша, қыз бұл мектепте оқығысы келмегендіктен жасаған.
Қазір полицейлер тексеру жүргізіп жатыр. Ювеналды полиция қызметкерлері кәмелетке толмаған тәртіпбұзушыны профилактикалық есепке қою мәселесін шешуде, деп хабарлайды Polisia.kz.
Еске сала кетсек, 24 мамыр сағат 17:50-де Көкшетау қаласының полиция басқармасына №2 орта мектеп-лицей қызметкерінен хабар түсті. Ол сым салынған қаңылтыр құты тапқанын айтқан. Оқиға орнына жедел уәкілдер келді.
Арнайы мамандары мен кинологтар қызметтік-іздестіру иттерімен мектепті тексеріп шықты. Олар мектептің 20 оқытушысы мен 10 техникалық қызметкерін эвакуациялады.
Күдікті зат хаттамаға сәйкес және адамдардың қауіпсіздігі мақсатында сол жерде жойылды.