Фото: Polisia.kz
“Көкшетау – Қызылорда” бағытындағы пойызда жолаушы әйел көз жұмды, – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
"14 қаңтарда Жамбыл облысының Сарышаған станциясына жақындағанда "Көкшетау - Қызылорда" бағытындағы жолаушылар пойызы вагондарының бірінде Астанадан Шымкентке дейін күйеуімен бірге жолға шыққан 54 жастағы азаматша кенеттен қайтыс болды.
Сол күні Шу станциясындағы желілік полиция бөлімінде сотқа дейінгі тергеу басталған, ал мәйіттен қылмыстық сипаттағы өлім белгілері анықталмады" - делінген хабарламада.
Тексеру барысында әйелдің 2019 жылдан бастап Астана қаласы ауруханаларының бірінде созылмалы аурумен есепте тұрғаны анықталған. Пойыз жолсеріктерінің келісімімен, күйеуі әйелінің мәйітін оралған күйінде пойыздың жұмыс істемейтін тамбуры арқылы Шымкент станциясына дейін тасымалдап, жеткізген.
Ер адам сот-медициналық сараптамадан үзілді-кесілді бас тартқан. Қазіргі уақытта мәйітті пойызда тасымалдау дерегіне қатысты материал Жамбыл облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясына берілген.