21 шіл, 2018 сағат 00:54

Көкшетау халқы Денис Теннің құрметіне шырақ жағып, гүл шоқтарын қойды

Көкшетаулықтар қаланың орталық алаңында  қыршын кеткен қысқы олимпиада ойындарының жүлдегері Денис Тенді бір минут үнсіздікпен еске алып, портретіне гүл шоқтарын қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шараға барлығы мыңға жуық көкшетаулық пен қала қонақтары қатысты. Жиналғандар танымал спортшы портретінің алдына шырақ тұтатып, еске алу рәсімін жасады. Олардың арасында ересектер мен балалар да болды. Жұртшылық Денистің жарқын бейнесін еске алып, көз жасына ерік берді.

"Үнемі жарқырап жүретін Денистің жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мəңгі сақталады. Ол біз үшін отандық спорттағы мәнерлеп сырғанаудан ең үздік спортшы. Байрақты жарыстарда ел мәртебесін асқақтатқан оның қазасы қазақстандықтар үшін ауыр тиіп отыр", - деп еске алды көкшетаулықтар.

Айта кетсек, Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 19 шілде күні пышақ жарақатынан қаза болған еді. Оқиға Құрманғазы Байсейітова көшелерінің қиылысында 19 шілдеде түскі сағат 15:00 шамасында болған. Спортшы көлігінің айнасын ұрламақ болған екі адамның үстінен түскен. Арада басталған жанжалдың салдарынан ұрылар Денис Тенге пышақ сұғып алған. Ол оң жақ санының жоғарғы тұсына жарақат алды. 25 жастағы Тен үш литр қан жоғалтып, ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілді. Бірақ Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Серікбол Мусинов қосымша қан қажет еместігін және ресурстар жеткілікті екендігін мәлім еткен болатын. 

2,5 сағатқа жалғасқан реанимациялық шараларға қарамастан, аурухана дәрігерлері оның өміріне араша түсе алмады. Сағат 17.30-да Олимпиада жүлдегері қайтыс болды. 

Адам өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалды.

Бүгін белгілі болғандай, спортшының өліміне қатысы бар екі күдіктінің бірі ұсталып, ол қылмысын мойындады. Екінші күдікті - 1994 жылы туған Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Ақай ауылының тумасы Арман Құдайбергеновке іздеу жарияланды.