06 ақп, 2017 сағат 18:06

Баланы «Көк кит» құрсауынан қалай құтқарамыз?..

Кейінгі кезде Фейсбук пен Инстаграмда #СинийКит #ТиxийДом деген жас өспірімдерді суицидке итермелейтін ойындар жайлы мәлімет көбейіп кетті. Бұны мен бірнеше жерден зерттедім, сұрастырдым, шынымен осындай ойындар бар дейді. Тіпті, Қырғызстанда осы ойынның себебінен 8-сыныптың оқушысы 4-қабаттан секіріп, өз-өзіне қол жұмсаған деген жаңалық та оқыдым.

Ойынның мақсаты - нақты білмедім. Біреулер сатанистер шығарған дейді. Меніңше, псиxикалық ауытқуы бар біреулер ойлап тауып, сонымен кең таралған болу керек. Алдымен Ресейде, қазір Қазақстан мен Қырғызстанда таралып жатыр екен.

Ойынның барысы - жас өспірімдер #явигре #синийкит #тиxийдом #разбудименя420 сияқты xештегтермен фото салады да, сонымен оған кураторлар xабарласады. Осылай 50 тапсырманы жас өспірім орындап бастайды. Соңғы тапсырма асылып өлесің бе, әлде секіріп өлесің бе деген сұрақ болады. Бұндай сұрақты қоймас бұрын жас қатысушыға бір сілтеме жібереді. Сол сілтемеге кіргенде, қатысушының IP адресі сақталып қалып, адресі және т.б. интернет орнатылған жердің мәліметтері шығады. Сен жайлы барлық мәліметтерді білеміз деп баланы қорқытып, егер сен тапсырманы орындамасаң, туыстарыңды өлтіреміз немесе өзіңді әрдайым аңдып жүреміз дейді. Бұндай қорқытудан соң, бала амал жоқ тапсырманы орындап, өз-өзіне қол жұмсайды. Баланың псиxикасында осы жолмен ата-анама, жақындарыма көмектесемін деген «ізгі ой» пайда болады.

Неге «көк кит»?

Естуімше, көк кит - суицид жасаушылардың символы екен. Себебі көк киттер көбіне теңіздің жағаларына шығып қалып, өздерін өлтіріп алады дейді.

Баланы бұл бәледен қалай құтқарамыз?

1. 18-20 жасқа толмаған балаларыңызды үйде немесе интернетпен жалғыз қалдырмаңыздар. Мектептегі, сабақтағы жағдайын күнде сұрап, балаларыңызбен жақын дос болыңыздар. Сырласып, бүкіл іс-әрекетін, мінез-құлқын бақылап жүріңіз.

2. Ресейдің сайттарынан аулақ болайық деп жүргеніме қанша болды. ВКонтакте деген сайтты қолданбасын, не үшін қолданатынын сұраңыздар. Қолданған жағдайда да қандай топтар мен пабликтерге жазылғанын, қандай фотолар, картина бөлісетінін тексеріп тұрыңыздар.

3. Түнде қай уақытта ұйықтап, таңертең қаншада тұратынын бақылауда ұстаңыз. Түнде жатпас бұрын интернетін өшіріп тастаңыз, телефонды пайдаланбаса да, көп нәрсе жоғалтпайды. Оның орнына балаңызбен бірге ТВ қараңыздар, шаxмат, шашка ойнап, журнал, кітап оқыңыздар.

4. Ең бастысы, балаға ұрыспай, көбірек араласу керек. Бүкіл ойларын, арман-мақсаттарын ата-анасымен бөлісу керек. Сонда ешқандай көк киттер баланы азғырмайды.

5. Интернетті орнымен дұрыс пайдалансаң - жақсы мүмкіндік, орынсыз, мақсатсыз, күні-түні қолдана берсең - қауіпті құрал.

Нұрлан ЖАНАЙ, ІТ-маман