Бұл – олардың жеке шаруасы емес, бұл – менің болашағым мен балаларым өсетін ортаға төнген үлкен қауіп.
Бұл – олардың өзіндік қалауы емес, бұл – санасы бекімеген өскелең жастарды қызықтырып, ынталандырып, алдап-сулап түсіріп жатқан «қара қақпан».
Бұл – жәй мәселе емес, бұл – ұлтқа аса қауіпті, іріңі сыртқа шығып, айналасын жайпап бара жатқан зор індет.
2006 жыл. Алматы. Телеорталық. «Супер стар-KZ» жобасының 3-маусымының шешуші кезеңіне жақын қалған уақыт. Әр апта сайын телеорталықтың 2-қабатындағы костюмер бөлмесін жалға алған «суперстарлықтардың» мәз-мейрам болып, түсірілімге дайындалып жататынын көріп тұратынбыз. Айқай-шу, сықылықтаған күлкі, шырқалып жатқан ән, ерсілі-қарсылы кіріп-шығып, даурығып жүрген «жұлдыз-қатысушылар». Өзіміз көзінен қарапайымдылық лебі ескен қоңыр дауысты қарадомалақ баламызға іштей жанкүйерміз. Сондай бір түсірілім күні әйелдер әжетханасынан боянып алған, бұралаңдаған жігіттерді кездестіріп, шошып кеттім. Қымсынатын олар жоқ, бір-бірімен қуыспақ ойнап, арқаларын қағып, шығып бара жатты. Сөйтсем, олар сол қатысушыларды киіндіретін стилистер, сәндейтін визажистер және жәй ғана «көмекшілер» екен…
Әу баста Еуропа мен АҚШ-тың «Pop Idol», «The X-Factor» жобаларының негізінде, медиафраншиза өнімі ретінде келген «Супер стар-KZ», «Х-фактор» жобаларының «таланттарды ашу» ісінің оң ықпалына мәз болғанымызбен, теріс ықпалын ескермедік. Оның астарына үңілуге уақыт болмады. «Бұл не деген батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық» деп бас қатырмадық. Жеңімпаздың қолына миллиондарды ұстатып, шоу-бизнес мұхитына сүңгітіп жіберетін «жанашырлар» кімдер, мақсаты не деп зерттеген жан болмады. Өз идеологиясына бағындырудың тиімді амалын тапқан олар, осылайша өнерге бір қадам жақын жастарымыздың бойынан оған дейін ТҮСІНЕ ДЕ КІРМЕГЕН ЖАҢА «ҚАСИЕТТЕРІН» түрлі жымысқы тәсілдермен туындатып жатқан екен…
Бұрын «шет елдің әнебір әнші жігіті қызтеке екен», «әнебір ару бұлбұлы еркекшора екен» деген «жаңалықсымақтарды» сырттай бақылаушы едік, ал сол азғындалған тұлғалардың өз ортамыздан шыға бастағанын қалайша аңғармай қалдық? Енді қазақ интернет кеңістігінің өзінде «қызбен сүйіскен танымал әнші қыз», «көгілдір продюсер», «қызтеке әнші жігіт» деген бейнелерді көріп, жағамызды ұстап, таң қалып жатырмыз.
«Азғындық науқанынан» бейхабар ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫ, біз нені білуіміз керек?
Біріншіден, бұл анти-идеологиялық саясат мақсатты түрде жүргізіліп жатқаны анық және оның артында миллиондаған шет ел қаражаты тұр. Елірген бизнес пен есірткі бизнес арқылы сол индустрияға салынған қаражат бірнеше еселенеп қайтып келетінін шетелдік тәжірибеден көруге болады. (Оның үстіне, екі ірі қаламыздағы «арнайы клубтардың» да аудиториясы мен клиенттерін үнемі көбейтіп отырмаса, бизнестері құлдырайды).
Екіншіден, ол азғындаушылық саясаттың нәтижесі қолдан жасалып отыр. Адам популяциясында ілуде бір адам ғана сондай физиологиялық ауытқушылықпен тууы мүмкін. Ал «көгілдір мафияның» бүкіләлемдік қызу науқанынан кейін, үздіксіз жарнамасынан соң, «қалыпты жағдай» ретінде санаға сыналап сіңіруінен кейін, ол көрсеткіш әсіресе жастар арасында көбейіп барады. Ғалымдар гомосексуалдылық деп аталатын ол заманауи дерттің туа біткен ауытқушылықтан емес, уақыт өте келе «моральді соққылар» мен «еліктеушіліктің» кесірінен орын алатынын дәлелдеп отыр. Яғни, кейбір жандар жәй ғана еріккенің ермегі ретінде байқап көреміз деп, тұтылып қалған болуы әбден мүмкін. Сондықтан кей замандастарымыз ара-тұра айтып қалатын: «Ол әркімнің шаруасы, не істейтінін өзі біледі» деген толеранттылықтың асқан шыңындағы ойлары – бос сөз. Бұл тұжырым да – сол индустрияның алдаусыратып ұсынған «еркіндік құқықтарының» бірі.
Үшіншіден, ұлттың толыққанды ұйысуына, озық ойлы азаматтарының қатары өсіп, елдің қарқынды күш алуына бөгет жасайтын мұндай құйтұрқы саясаттың салдарынан иман әлсіреп, ұлтымыз азып-тозып, еркек кіндік өзінің басты міндеті мен жауапкершілігін ұмытып,«көгілдір мафияның» босбелбеу сарбаздары көбейіп барады. Соңғы жылдары жиі ұйымдастырылатын «бүкіләлемдік сән апталықтары» да сол индустрия өкілдерінің сүйікті орнына айналып жатқанына құрғыр көзіміз куә болып бастады. Күн өткен сайын «түрлі-түстілердің» саны артып барады. Қатарластары көбейген сайын олар масаттанады, себебі көздегені сол. Оларға ұлт, дін, діл маңызды емес. Оларды біріктіретін жасанды «ортақ дүниелері» бар, сол жетеді. Сонымен қатар, дүйім жұртты соңына ертетін «әні» мен қылмыңдаған «сәні», қап-қап ақшасы мен айналып кете алмай, қадалып қалған «қазығы» бар. Ең сорақысы, ОЛ «ӘЛЕМГЕ» КІРУГЕ РҰҚСАТ БАР ДА, АЛ ШЫҒУҒА ЖОЛ ЖОҚ…
Адами азғындаушылықтың түр-түрін жасап, мыйларды басқарып, ойына келгенін жасаса, күндердің күнінде ақирет күні туғанда ібілістің құлы болғандардың саны артса, олардың ұпайы одан сайын түгенделе түсері анық.
ТҮЙІН.
Соңғы күндері ел ішінде дүрбелең тудырып, болашақ білікті хирург болғалы тұрған 23 жасар жас азаматтың ауыр қазасы біздің шоу-бизнестегі «біраз былығымыздың» бетін ашып кетті… «Ауруын жасырған өледі» деген халық даналығы. Арандап қалып жатқан жастарымызды қорғамасақ, сақтандырмасақ бұл індеттің соңы өте ауыр жағдайларға әкеліп соғуы мүмкін. Заңнамалық тұрғыдан бір амал жасар ма екен деп заңнамалық органдарға үмітпен қарап қоямыз. Бұдан әрі жабулы қазанды жабулы күйінде қалдыра берсек, бұдан да зорғысы болайын деп тұрғанын қоғамның өзі сезе бастағандай…
Баласының өнер саласында «жарқыраған жұлдыз» болғанын қалап, түрлі «халықтық байқауларға» жіберіп жатқан көптеген ата-аналар немесе шоу-бизнестің майталманы болып, күрек-күрек ақшаны қиналмастан тауып, танымалдығым жер жарады деген қиялмен тыраштанып жүрген жастар осы жайтты көкірегіне түйсе екен дейміз.
Алма Сайлауқызы,
Ұлт порталы