Фото:gov.kz
Кез келген қоғамның, соның ішінде біздің қоғамның да басты ұғымдарға негізделген сұраныстары – әділдік және қауіпсіздік. Осы негізгі сұраныстардың толығымен өтелуі мемлекеттің тиімді жұмыс істейтінін айқын көрсетеді.Қазақстанда соңғы бес жылда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес күшейтіліп, бұл бағытта бірқатар заңнамалық және институционалдық шаралар қабылданды. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы саясат, құқықтық қорғау механизмдері, жәбірленушілерге қолдау көрсету және құқық қорғау органдарының іс-қимылы жаңартылды.
Биыл Қазақстанда қоғамдық резонанс тудырған шулы оқиға орын алды. Бұрынғы министр Қуандық Бишімбаевтың өз әйелін ұрып өлтірген еді. Бұл қылмыс еліміздің тарихында алғашқы рет соттың ашық, тікелей көрсетілім арқылы өтуіне және алқабилердің қатысуымен өтті. Қоғам белсендісі, Мазмұндама қорының негізін қалаушы Шыңғыс Мұқанның айтуынша, кез-келген қоғам дағдарыс кезінде өзгереді. Бұл пікірмен саясаттанушы да келісіп отыр. Айтуынша, біздің қоғам үлкен ұлттық құндылықтар дағдарысына тап болды.
«Бұл дағдарыс дәл қазір басыла қоймайды. Алдағы 3-5 жылға дейін созылады деп ойлаймын. Бишімбаевтың ісінен кейін қоғам жақсы жағына қарай өзгерді деп айта алмаймын, керісінше, бұл көптеген отбасындағы әлеуметтік мәселелерді ушықтырып жіберді. Көптеген жас отбасылар Бишімбаевтың сотын тікелей эфирден көру арқылы, әйел мен ер адамның құқықтары, гендерлік теңдікті талап етуі одан сайын артты. Ұлттық құндылықтың дағдарысқа ұшырап жатқаны туралы кезінде мен «Айтуға оңай» бағдарламасында айтып, дабыл қаққан едім. 5 жыл бұрын Қазақстан ажырасу саны бойынша 15 елдің қатарына кіретін еді. Яғни, жалпы алғанда 100 отбасыға 25-33 пайыз ажырасуы тіркелген. Ал қазіргі әлемдік статистикаға қарасақ, 62 пайыз ажырасу тіркелген. Жүз отбасы тіркелсе, 62 отбасы ажырасып кетеді деген сөз. Бұл қазақ қоғамы үшін, тәрбиелі өнелегі отбасы институты сақталған теңеуге үлкен сын. Ажырасу бойынша әлемдік рейтингте бірінші орынға шығуымыз трагедия», - дейді саясаттанушы Талғат Жанысбай.
Осындай көрсеткіш болса да, билік отбасы институтын нығайтуға, отбасындағы әлеуметтік мәселелерді шешуге, отбасындағы зорлық-зомбылықты азайтуға бағытталған шараларды немесе ұсыныстар ды қолға алған жоқ дейді маман.
«Бишімбаевтың ісін сылтауратып, қоғамда зорлық-зомбылықты дәріптеп, тіпті пропаганда есебінде жасап жібергендейміз. Оны әлеуметтік желіден көрген, отбасылардың ажырасуын бақылап отырған халықтың еті үйреніп, ажырасу тіпті ұят болмай қалды. Ата-бабаларымыз кезінде қыз баланы барған жеріне судай сіңіп, тастай бат деген нақыл сөздерін айтып, қыздың барынша құрған отбасында бақытты болуын тілеген. Қазір, өкінішке орай ажырасу сәнге айналып кетті», - дейді сарапшы.
Республиканың басты өңірлерінде «Бақытты отбасы» деген жобамен орталықтар ашылған. Өкінішке орай, біздің қоғам психологтарға жүгінуді ұят санайтын болғандықтан, ол орталықтарға барып өз мәселелерін айтатын жанұялардың саны аз.
«Мемлекеттен бөлінетін қаражатты игерудің мақсатында, осынша отбасы келді деп, аты-жөнін тіркеп қойып статистиканы келтіргенімен, оның нақты нәтижесін көрген жоқпыз. Бұл сәтсіз бағдарлама. Осындай жобалардың баламаларын жасап, шұғыл түрде отбасы құндылығын сақтап қалуға, ажырасудың алдын алатын жұмыстар жүргізу керек деп ойлаймын», - дейді маман.
Ажырасудың салдарынан балалар зардап шегуде дейді маман. Толық отбасында тәрбиеленбеген балалардың мінез-құлқын қазір мектеп қабырғаларында бақылап отырмыз. Толық тәрбие алмаған бала бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре алмайды. Қазіргі бүлдіршіндер ертең қоғамның толық бір бөлігіне айналып, өздері де отбасын құрады. Міне сол кезде көрсеткіш тіпті қорқынышты болып кетпесін деген уайым бар.
Дегенмен осы бір резонансты оқиғадан кейін, әйелдер мен қоғам белсенділерінің қатысуымен биыл тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бағытында заңнамалық шаралар күшейтіліп, бірқатар жаңа өзгерістер енгізілді. Бұл заңнамалар тұрмыстық зорлық-зомбылықты алдын алу, жәбірленушілердің құқықтарын қорғау және зорлық-зомбылық жасағандарға жазаны қатайту мақсатында қабылданды.
Заңға енгізілген өзгертулер:
- тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарға қатысты қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік күшейтілді. Бұрын әкімшілік құқық бұзушылық ретінде қарастырылған кейбір зорлық-зомбылық түрлері қылмыстық әрекеттер ретінде қайта жіктеліп, ауыр жазалар енгізілді.
- зорлық-зомбылықты қайталап жасаған адамдарға қатысты қылмыстық жауапкершілік күшейтіліп, жазаның мерзімі ұзартылды. Бұған қоса, сот шешімдерін орындамаған жағдайда, құқық бұзушыларға қатысты қатаң санкциялар енгізілді.
- құқық қорғау шаралары күшейтілді, бұл тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайында жәбірленушілерге құқықтық және психологиялық көмек көрсету тетіктерін жетілдіруге бағытталды.
- жәбірленушілерге уақытша қорғау бұйрықтарын алу жеңілдетілді. Бұл қорғау бұйрықтары зорлық-зомбылық жасаушыға жәбірленушіге жақындауға тыйым салуды және жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейді.
- мектептерде, колледждерде және университеттерде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша ақпараттық науқандарды ұйымдастыру туралы ережелер қабылданды. Бұл жастар арасында зорлық-зомбылық мәселесіне назар аударуға және алдын алу шараларын үйретуге бағытталады.
- полицияға жәбірленушілерден түскен арыздарды қарау мерзімдері қысқартылып, құқық қорғау органдарына зорлық-зомбылықты тез арада тоқтату үшін жедел әрекет ету тетіктері күшейтілді.
- тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғаларына полицияның араласуы күшейтілді. Полиция тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша тез арада шара қолданып, қажетті қорғаныс құралдарын пайдалану құзыреттерін алды. Сондай-ақ, полиция зорлық-зомбылық жасады деген күдікпен адамды 24 сағатқа дейін қамауға алуға құқылы.
- қоғамдық ұйымдардың рөлі арттырылып, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына құқықтық және психологиялық көмек көрсету бойынша ҮЕҰ-лар мен дағдарыс орталықтары арқылы қолдау шаралары күшейтілді.
- үкіметтік емес ұйымдар және азаматтық қоғам өкілдерімен бірлесе отырып, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресте қоғамдық бақылауды күшейту шаралары енгізілді.
- Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған азаматтар үшін 50-ден астам дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықтарда психологиялық, заңгерлік және медициналық көмек көрсетіледі, сондай-ақ уақытша баспана беріледі. Соңғы бес жылда дағдарыс орталықтарының қызметі кеңейтіліп, көмек көрсету ауқымы ұлғайды.
- тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар тарапынан ақпараттық науқандар мен түсіндіру жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Бұл науқандар халықты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдары, заңды қорғау жолдары және көмек көрсету орталықтары туралы ақпараттандыруға бағытталған.
Елімізде соңғы бес жылда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты ресми статистика өсті. Бұл тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты оқиғалардың көбеюін емес, құқық қорғау органдарына шағымдану деңгейінің артуымен байланысты. Ал пандемия кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғалары 25%-ға артқан. Мамандардың айтуынша, бұл әлемдік тенденция.
2022 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты 120 мыңға жуық әкімшілік іс қозғалған. Бұл істердің басым бөлігі құқық бұзушыларға ескерту немесе қамауға алу жазасын қолдану арқылы шешілді. Сонымен қатар, 2021-2023 жылдары тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты қозғалған қылмыстық істердің саны артты, бұл заңнамалық жазалардың күшеюімен байланысты. Бұдан бөлек дағдарыс орталықтарына жүгінушілер саны да артқан. 2021 жылы 12 мыңнан астам әйел мен бала дағдарыс орталықтарынан көмек алған.
Бала құқығы демекші, елімізде балалардың қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөліне бастады. 2016 жылы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институты құрылды. Бұл институттың мақсаты – балалардың құқықтарын қорғау, олардың мүдделерін қорғау үшін мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың жұмысын үйлестіру, сондай-ақ балалардың құқықтарына қатысты мәселелерді шешуде белсенді әрекет ету.
2020 жылдан бері уәкілге 10 000- нан аса шағым түскен. Бұл шағымдардың негізгі бөлігі балалардың білім алу, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамту және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты мәселелерді қамтиды. Бүгінде бұл органды Динара Зәкиева басқарып отыр. Оның бастамасымен балалардың құқықтарын бұзған ұйымдар мен мекемелерге 20-дан астам тексеру жүргізілді, нәтижесінде заң бұзушылықтар анықталып, жауапты тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Уәкіл балаларға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларын бақылауға алып, құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, жәбірленушілерге көмек көрсету шараларын ұйымдастырды. Бұл бағытта 1000-нан астам іс қаралып, тиісті құқықтық және әлеуметтік көмек көрсетілді.
2023 жылы уәкілдің бастамасымен «Балалардың құқығын қорғау туралы» заңға өзгерістер енгізу ұсынысы қаралды, бұл тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған балаларға көмек көрсетуді күшейтуге және олардың құқықтарын қорғау тетіктерін жақсартуға бағытталды. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл халықаралық ұйымдармен, соның ішінде ЮНИСЕФ-пен бірлесе отырып, балалардың құқықтарын қорғау бағытында жұмыс істейді. Бұл ынтымақтастық аясында балаларды қорғауға бағытталған бірнеше халықаралық жобалар іске асырылды.
Соңғы аптада елімізде суицид толқыны пайда болды. Бұл ретте аталмыш орталық ата-аналармен жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізе бастады. Барлық мектеп чаттарына әлеуметтік желілердегі қауіпті топтар мен қауіпті кітаптардың тізімін және назар аударуды қажет ететін белгілерді, сондай-ақ баланы қайтымсыз салдарға әкелетін әртүрлі қауіп-қатерлерден қорғау үшін көмек сұрауға болатын қызметтердің байланыс нөмірлерін қамтитын жадынама жіберді. Сондай-ақ баланың өміріне қауіп төндіретін әдебиеттер тізімі мен онлайн ойындар бұғатталды.
Тағы бір мәселе – азаматтардың қауіпсіздігі
Цифрлық технологиялардың күнделікті өмірімізге жаппай енуі түрлі алаяқтардың көбеюіне әкеп соқтыруда. Оған бәріміз куә болып отырмыз. Сондықтан, қазір қаржы және экономика негіздерін білу, қарапайым цифрлық дағдыларды меңгеру аса маңызды болып тұр. Осы ретте «Amanat» партиясы ұсынған «Қарызсыз қоғам» жобасы іске қосылды. Азаматтардың қаржылық сауатын арттыруға арналған осы жобаға былтыр 65 мың адам қатысты. Ал, биыл одан да көп адам қатысады.
Мектептерде, жоғары оқу орындарында қаржылық және цифрлық сауаттылық негіздерін үйрететін білім бағдарламасын енгізу де қолға алынды. Бұл жұмысты Үкімет қаржы саласын реттеу органдарымен бірге атқарып жатыр. Мұның бәрі азаматтарымыздың әртүрлі алаяқтардың құрығына түсіп қалмауына мүмкіндік береді.
Қазір «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» заң жобасы әзірленіп жатыр. Осы заңның талаптарын орындау үшін қоғам мен мемлекеттік аппарат күш жұмылдыруы керек. Сонда ғана жағдайды түзетіп, заң үстемдігін және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз.
Осы ретте ақпараттық қауіпсіздік пен кибершабуылға қарсы күрес те қарқынды іске асып келеді. Соңғы үш жылда елімізде кибершабуылдар саны айтарлықтай өскен. Мысалы, 2021 жылы Қазақстандағы ақпараттық жүйелерге жасалған кибершабуылдардың саны 30%-ға артса, 2022 жылы кибершабуылдар саны күрт өсіп, 1 миллионнан астам түрлі шабуыл тіркелді. Бұл шабуылдардың көпшілігі мемлекеттік органдар мен коммерциялық ұйымдардың ақпараттық жүйелеріне бағытталғаны анықталды.
Бұл ретте 2021 жылы Қазақстанда ақпараттық қауіпсіздікке байланысты жаңа «Киберқауіпсіздік тұжырымдамасы (Киберқалқан) 2022-2025» қабылданды. Бұл тұжырымдама кибершабуылдардың алдын алу, ақпараттық жүйелердің қорғалуын күшейту және мемлекеттік ақпараттық инфрақұрылымды қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған.
Тұжырымдама шеңберінде мемлекеттік органдар мен жеке секторда ақпараттық қауіпсіздік шараларын күшейтуге арналған жаңа стандарттар енгізілді. Жоғары оқу орындарында киберқауіпсіздік мамандықтары ашылып, IT-мамандар мен киберқауіпсіздік саласының сарапшыларының саны артты. Интернет-алаяқтық және фишингтік шабуылдар көбейгеніне байланысты ақпараттық қауіпсіздік саласында құқық қорғау органдары мен мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысы күшейтілді. Қазақстан халықаралық киберқауіпсіздік стандарттарына сәйкес жұмыс істеп, киберқауіпсіздік бойынша шетелдік серіктестермен ынтымақтастықты күшейтті. 2022 жылы Қазақстан бірнеше халықаралық ұйымдармен келісімдерге қол қойып, кибершабуылдардың алдын алу және тәжірибе алмасу бағытында бірлескен шаралар атқарып келеді.