
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 18 шілде күні коронавирус індетінің таралу ахуалы жөніндегі Ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізді. Президент Үкімет пен әкімдердің жұмысын қатаң сынға алды. Бұл «айыптыларды кезекті рет бұрышқа тұрғызу» шарасы болған жоқ. Аталған отырыста мемлекеттік қызмет жүйесі еліміз бетпе-бет келген пандемияда өзінің дәрменсіз екендігін Қ.Тоқаев ашық айтты. Нақтыласақ, келесі түйіткілдер көтерілді.
Біріншіден, бірнеше облыстарда, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында әлі де дәрі-дәрмек жетіспеушілігі бар. Баға өскен. Көлеңкелі бизнес артқан. Тіпті, медицина қызметкерлері заңсыз дәрі сатуға көшкен. Екіншіден, ала-құла статистика. Оны біріздендіру қажет. Халық шындықты білу керек. Үшіншіден, іс тиімсіз жоспарланған. Ол – шенеуніктердің кәсіби шеберлігінің төмендігі. Әкімдер төтенше жағдайда қызмет ете алмайды, тәжірибе жоқ, тың шешімдер қабылдай алмайды. Төртіншіден, оңтүстік аймақтарда әлі де той-домалақ жалғасуда. Яғни, оларды өткізгендерде жауапкершілік, жергілікті билікте бақылау жоқ. Бесіншіден, мемлекеттік органдар жұмысты өзара үйлестіре алмағандықтан, халық асарлатып, дәрі мен аппаратты өзі ала бастады. Яғни, үкіметтен қайыр жоқ дегені ғой. Тізе берсе, айтылған мәселе аз емес.
Сонымен, аталған проблемалар нені көрсетті? Ең алдымен, үкімет пен мемлекеттік қызмет саласында жүйесіздік анық көрініп тұр. Оны Денсаулық сақтау министрлігін әкімдер тыңдамай, СК-Фармация дәрілерді қоймасында тығып сақтап, шынайы статистиканы жасыруға тырысып, аймақтарда сафари-шоулар ұйымдастырылып жатқанынан байқадық. Яғни, орталықтан бір протокол, бір жүйе, бір ережемен вируспен күрес стартегиясын жүзеге асыру процесінің нышаны да байқалмайды.
Бұдан бөлек, мемлекеттік менеджерлер (әкім-қара, министрлер) ерекше жағдайда қызмет етуге, шешім қабылдауға, жауапкершілік алуға дайын болмай шықты. Жұрт мақтаған тәжірибелісе де, үміт күткен жас толқыны да. Оның орнына өзінің, өзі басқаратын мекемесінің PR, имидж, жарнамасына қатты алаңдап, вируспен күреске қажет бюджет қаражатын сол бағытқа бөліп жатты. Ол сол баяғы Денсаулық сақтау министрлігі, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры және басқалары. Соңғысына (қор) қатысты қылмыстық іс те қозғалды.
Ал ең бастысы – қоғам мүддесі, көзқарасы, талабы ескерілмей жатты. Яғни, қазіргі үкімет, атқарушы биліктің түрлі тармағы азаматтардың қалауын ескермейді. Оларға жоғары жаққа тиісті есеп беру, Ақордағы жақсы көріну тиімдірек. Неге? Өйткені оларды қоғам сайламайды. Нұр-Сұлтандағы қолы жуан, құрығы ұзын шенділер тағайындайды. Аталған проблема осыдан туындады. Бұл олқылық неге әкелді? Дәрі жетпейді, ИВЛ аппарат жоқ, баға шарықтады деген жұрт айқайы үкіметке, орталыққа жетпеді.
Ал енді мұндай тығырықтан, тіпті саяси дағдарыстан қалай шығуға болады? Себебі жүйелі өзгеріс қабылданбаса, ертең жағдай бұдан да нашарлауы бек мүмкін. Меніңше, бірден-бір шешім Nur Otan партиясы қолға алған праймериз процедурасы болуы мүмкін. Неге?
Біріншіден, праймериз – бұл тағы да жоғарыдан тағайындалғандарды емес, халық арасынан іріктеліп шыққандарды «сұрыптайтын» процесс. Еліміздің ең үлкен саяси күші өз қатарынан үздіктерді анықтап, мәслихат, Мәжілісте қоғам мүддесін қорғауға ұсынады. Сәйкесінше, енді заң шығару органдарына ел сенімін арқалағандар өте алады. Ал сайлауда жеңіскен жеткен партия үкімет құрамын анықтайтыны белгілі. Сәйкесінше, қоғам ұсынған азаматтар атқарушы органдарда да болады деген сөз. Осылайша, праймериз мемлекетке жаңа формациядағы азаматтарды ұсынады. Бұл қоғам мен биліктің өзара сенімін арттырады. Ал қоғамның қолдауы, елдің сенім кредиті үкіметке қаншалық маңызды екенін пандемия барысында байқадық. Ел қолдамаса, ешбір реформа сәтті шықпайды, ешбір шектеулер де нәтижесін бермейді екен.
Екіншіден, неге Nur Otan? Әрине, бүгін бұл ұйымға көзқарас алуан түрлі болар. Алайда ол алып саяси күш болса да, өзін жағдайға тез бейімделе алатын мобильді ұйым ретінде көрсете білді. Яғни, гигантизмге ұшырамады. Ол неден көрінді? Партия Арыста жарылыс болғанда, Мақтааралды су алғанда лезде қоғамдық көмекті ұйымдастыра білді. Ал карантин барысында арнайы қорға кәсіпкерлердің қаражатын жиып, еріктілердің күшімен мұқтаж жандарды қаржылай, азық-түлікпен қолдай білді. Партия осылай қоғамның әр тобы мен стратасындағы азаматтарды қамтыды. Бұдан бөлек, бүгінде еліміздің әр ауданы мен ауылында өкілдігі бар екі ұйым бар шығар. Бірі – Қазпошта болса, екінішісі - Nur Otan. Бұл тек ірі қалалардағы азаматтардың ғана емес, шалғайдағы ағайынның да мүддесі ескеріледі, қорғалады деген сөз.
Әрине, неге тек Nur Otan, басқа саяси партиялар ше, баламалы саяси күштер ше деген сауал туындайды. Рас. Олай да болуы мүмкін. Бірақ реалистік көзқараспен қарасақ, Парламенттегі қалған екі партия ұлттық қолдауға ие деп айтуға ауыз бармайды. Коммунистік идеяға 21 ғасырда сенетін кісі шамалы. Ал оппозициялық күштер де санаулы кісінің қатысумен заңсыз митинг өткізуден, әлеуметтік желіде видео түсіріп, талап қоюдан ары аса алмай отыр. Оған қоса, оларда мемлекет басқару тәжірибесі жоқ екені айқын. Сәйкесінше, олардан жүйелі нәтиже күту неғайбыл.
Үшіншіден, Nur Otan 20 жылда қажетті тәжірибе жиды және партия, мүшелері, азаматтары шенеуніктер емес. Олар жоғарыдан тағайындауға емес, халық дауысына байланғандар. Электорат сайлауда қолдаса, елге қызмет етуге мүмкіндік беріледі, қолдамаса, басқаның кезегі келеді. Яғни, таза демократиялық принцип. Партия осы ұстаныммен 20 жылдан бері қызмет етіп келеді. Бұл принцип әрдайым қоғам мүддесін басшылыққа алуға жағдай жасайды.
Қорыта келгенде, пандемия мемлекетіміздегі жүйелі олқылықтарды айқара ашып берді. Ең өкініштісі, ол талай кісінің өліміне себеп болды. Азаматтар дер кезінде қажетті көмек ала алмады. Шенді кісілер лезде шешім қабылдаудың орнына жауапкершіліктен басын алып қаша бастады. Орталық пен аймақтың арасы үзіле бастады. Аталған кемшіліктердің алдын алмаса, 30 жылда жеткен жетістіктер көз алдымызда бұлбұлша ұшуы мүмкін. Яғни, енді қоғамның өзі ел басқаратын мемлекеттік жүйе қажет. Алда келе жатқан праймериз - азаматтарымызға осы идеяны жүзеге асыруға берілген бірден бір мүмкіндік.
Дәурен Базаров
