Фото: Pexels.com
Ойы мен өресі жетпегенді әдетте біз «бала сияқты» деп жатамыз. Бір қарағанда зілсіз сипат бүгінде қоғамның дертіне айналып барады. Себебі есейіп, ел ағасы болатын жасқа жетсе де, өз өміріне, отбасына жауапкершілік ала алмайтын, шешім шығаруда кемшін қалатын, өз ойы мен пікірі жоқ ерлер қауымы қоғамның үлкен проблемасына айналды. Мұндай жағдай отбасының тұрақтылығына, балалардың тәрбиесіне және жалпы қоғамның дамуына кері әсерін тигізуде. Жетілмеген тұлғалық қасиеттер мен инфантильдік мінез-құлық ерлерді қоғамның тірегі болудан алыстатып, олардың рөлін төмендетіп отыр.
Науқас пен сау адам
Инфантилизм туралы айтпас бұрын, оның психикалық және психологиялық түрлері барын ескергеніміз жөн. Тұлға болып қалыптасуда тежелуі бар, мінез-құлқы жас ерекшелігіне сай емес адамдардыкі патологиялық жағдай және психиатрдың емін қажет етеді. Ал психикасы сау, өзіне ыңғайлы болғаны үшін ғана өзін бала сияқты ұстайтын адамды инфантил адам дейді.
Айта кету керек, инфантилизм әйелдерде, ерлерде және жасөспірімдерде де көрініс табуы мүмкін. Ал балаларда мұндай қасиетті анықтау қиын, себебі барлық бала табиғатынан инфантил болып келеді.
Түбірі балалық шақта
Психологтар инфантилизм балалық шақта қалыптасатынын айтады. Оның бірнеше себебі болуы мүмкін:
• Ата-ананың шамадан тыс қамқорлығы. Егер ата-ана баласын үнемі бақылауда ұстап, өздігінен шешім қабылдауға және қателесуге мүмкіндік бермесе, бала мұндай шешімдерді әрдайым біреу қабылдайтынына үйреніп кетеді. Осыдан кейін ол өмір бойы маңызды шешімдерді өздігінен қабылдай алмайтын болады. «Анасының балалары» деп аталатындардың көбісі инфантил болып келеді.
• Балалық шақта махаббат пен қамқорлықтың жетіспеуі. Егер бала өз-өзіне «бас-көз» болуға мәжбүр болып, ата-анасының жылулығын сезінбесе, ересек өмірінде ол осы олқылықтың орнын толтырғысы келеді. Ол өзін қамқорлыққа зәру және елдің бәрі оны қорғауы керек бала сияқты ұстайды.
• Толыққанды бақылау. Егер жасөспірімді әрдайым бақылауда ұстап, темір торға қамалған құстай ұстаса және әрбір қадамы үшін есеп беруді талап етіп отырса, оның бойында наразылық күшейеді. Біртіндеп инфантил қарсылық пайда болуы мүмкін. Ол: «Бәрін бақылағың келді ме? Олай болса, міне!» деген сыңаймен мінезін көрсете бастайды.
• Ерте есею. Егер бала ерте есейіп, отбасындағы көп жауапкершілікті өз мойнына алса, оның бойында реніш қалыптасуы мүмкін. Ата-анасы қанша махаббат берсе де, балалық шағы қамсыз өтпегені үшін бала оларды бәрібір кінәлайтын болады. Осылайша инфантилизм арқылы қарымта әрекет етіп, кек алуы да мүмкін.
• Есейген шақтағы инфантилизм. Кейде инфантильдік ересек жаста пайда болады. Мысалы, егер жан жары сүйіктісін барлық қиындық пен проблемадан (жақсы ниетпен) қорғауға тырысса, уақыт өте келе ол бұл жағдайға үйреніп кетіп, жауапкершілікті өз мойнына алудан және шешім қабылдаудан қашады.
Оның несі жаман?
Бала кейпінде қалудың несі жаман деген заңды сұрақ туындауы мүмкін. Әлбетте, инфантил адам үшін өз өмірі жайлы, өзіне ұнайтын болуы мүмкін. Алайда ол өз іс-әрекетімен жақындарына көп қиындық әкеледі. Бұл қарым-қатынастың беріктігіне кері әсер етуі мүмкін.
Инфантильдіктің негізгі белгілері:
• Маңызды шешімдер қабылдай алмау және қабылдағысы келмеу. Егер шұғыл шешім қабылдау қажет болса, инфантил адам бұл міндетті басқа біреудің мойнына жүктеуге тырысады. Егер айналасында ешкім болмаса, жағдайды өз бетінше шешілуін күтуі мүмкін немесе еш ойланбастан, кездейсоқ шешім қабылдауы ықтимал.
• Жалқаулық. Инфантил адам әрдайым біреудің есебінен өмір сүрмеуі мүмкін. Ол тіпті жақсы табыс табуы да ықтимал. Алайда тұрмыстық мәселелерде (ыдыс жуу, кір жуу, тазалау және т.б.) өзін-өзі күтіп-баптаудан қашады және осы міндетті біреудің мойнына артып қойғысы келеді.
• Эгоцентризм мен эгоизм. Инфантил адамдар өзін хан сияқты ұстайды және елдің бәрі солардың айтқанымен жүріп-тұрып, солардың жағдайын жасауы тиістей көреді. Көмек сұрасаңыз, бас тартудың сан түрлі себебін табады. Бірақ өздері басқалардан көмек сұрауға бейім және барлық адам оларға міндетті деп ойлайды.
• Қарым-қатынастағы қиындықтар. Инфантил адамдар өмір ағынымен жүруге бейімделгендіктен, адамдармен араласуда жиі қиындықтарға тап болады. Серігі инфантил адамның ештеңеге қабілетсіз екенін түсініп, оны өзгертуге тырысады. Бірақ инфантил адам өз бойындағы кемшілікті мойындамаса және өзгеруге тырыспаса, бәрі бекер.
• Ойын-сауыққа құмар. Мұндай адамдар ойын-сауықты өте жақсы көреді және оны басты орынға қояды. Қызықты әрі көңілді ұсыныс түссе, үйдің шаруасын ысырып қойып олар бірден келіседі.
• Жұмыс орнын жиі ауыстыру. Инфантил адам жұмыс орнын жиі ауыстыруы мүмкін. Біріншіден, жұмыс шешім қабылдауды және әрекет етуді талап етеді. Екіншіден, ол ойын-сауыққа және рахат өмір сүруге кедергі келтіреді.
• Бір күндік өмір салты. Мұндай адамдар тек бүгінімен өмір сүреді, ертең, бірнеше айдан кейін не болатыны туралы ойламайды. Сондықтан қор жасамайды, ақша жинамайды, тоңазытқышта азық-түлік болмауы оларға қалыпты жағдай.
• Өзін-өзі дамытуға құлықсыздық. Инфантил адам дамуға немесе өзін жетілдіруге ұмтылмайды. Оған осы өмірі ұнайды, өзін жетілдіруді ол қиын жұмыс көреді.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар...
Инфантил өмір салтын ұстанатын адамның әп-сәтте есейе қалуы екіталай. Алайда, ниет болса, өз өміріңе жауапкершілік алып, қызықты да, үйлесімді өмір сүруге болады.
Инфантилизмнен шығудың жолдары:
1. Проблеманы мойындау. Күресті бастамас бұрын, мәселенің бар екенін түсініп, оны мойындау қажет.
2. Қатты серпіліс қажет болуы мүмкін. Инфантил адамды түбегейлі өзгерістер болашағын ойлауға итермелеуі мүмкін. Мысалы, жұмыс орнын ауыстыру немесе басқа қалаға көшу. Ал шын мәніндегі маңызды өзгеріс – басқа елге көшу. Егер адам енді оған ешкім көмектеспейтінін түсінсе, ол әрекет етіп, біртіндеп шешім қабылдауға және жауапкершілік алуға үйренеді.
3. Шешім қабылдауды қажет ететін жұмыс табу. Әрине, адамның тағдыры шешілетін жауапты лауазым болмаса да, кассир сияқты жұмыстар әжептәуір жауапкершілікті талап етеді.
4. Жалғыз тұрып көру. Егер инфантил адам ата-анасымен немесе серігімен бірге тұрса, жеке шығып, өзін-өзі қамтамасыз етуге тырыса бастайды. Бірнеше айдан кейін ол өзін күтіп-баптауды, бюджет жоспарлауды және ертеңгі күн туралы ойлауды қолға алады. Мұнда да бастысы ешкім көмектесуге құлықсыз болуы маңызды.
5. Мақсаттар қойып, оларға жету. Алдымен кішігірім мақсаттардан бастау керек, мысалы, белгілі бір жалақыға қол жеткізу немесе бір зат сатып алу. Содан кейін үлкенірек жетістіктерге ұмтылуға болады.
6. Үй жануарын асырау. Иә, осындай болмашы әрекет те жауапкершілікке үйретуі мүмкін. Егер адам жануарға қамқорлық жасау өз міндетінде екенін түсінсе, ол біртіндеп жауапты адам бола бастайды және одан қорықпайтын болады.
7. Психологқа жүгіну. Психологпен жұмыс істеу арқылы мәселенің себептерін анықтап, оларды жоюға болады. Мысалы, мәселенің түп-тамыры балалық шақта болса, оның қандай тетіктерді іске қосқанын түсіну қажет. Балалықтың артта қалғанын, ал ересек өмірдің мүлдем басқа екенін түсіну маңызды. Шешім қабылдау ересек өмірдің ажырамас бөлігі болса да, ол шын мәнінде соншалықты қорқынышты емес екеніне біртіндеп үйрену қажет.
Бір-ақ рет берілген өмірді мағыналы әрі мәнді етіп сүру әр адамның өз қолында. Үйлесімді қарым-қатынас құруға, бақытты ұрпақ тәрбиелеуге де әр адамның шамасы жеткілікті. Ол үшін үздіксіз өзіңді дамыту қажет. Бүгінгі дайындаған мақаламыз сізге осы бағытта дамуға көмектеседі деп сенеміз.
Анара Бауыржанқызы