Шымкенттегі дағдарыс орталығына бала кезінде секс құлдыққа сатылған 30 жастағы әйел түсті, деп хабарлады Sputnik Қазақстан агенттігі Otyrar.kz порталына сілтеме жасап..
Өзбекстан тумасының айтуынша, ата-анасы жалғыз қызын он жасында бейтаныс адамдарға сатып жіберген.
Қыздың әкесі нашақор, анасы маскүнем болған. Отбасында баланың тағдырына атасы ғана алаңдапты – алайда ол немересін сатып жатқанын естіп, жүрек талмасынан қайтыс болған.
Қызды шекарадағы Сарыағаш қаласына, одан кейін Шымкентке әкеліп, үлкен жеке үйге қамап тастаған. Кішкентай тұтқын өмірінің жеті жылын жезөкшелер үйінде өткізді. Одан бөлек тағы 20 қыз сексуальдық құлдықта болған. Байғұс балаларға тек нан мен су берген.
Бойжеткен күтпеген жерден бостандыққа шықты: жезөкшелер үйін ұйымдастырушылардың бірі 17 жастағы қызға аяушылық танытқан.
"Ол жерде аштықтан көптеген қыз өлді. Кейбірін шетелге сатып жіберді. Бір-бірімізбен сөйлеспейтін едік. Клиентпен жатудан бас тартсақ, темір шынжырмен ұрып, басымызға қару кезенетін. Бұл қорқынышты жерден кетуге олардың адамдарының бірі көмектесті. Ол мені аяды", - дейді әйел.
Ол қашып шыққаннан кейін де тағдыр тәлкегіне ұшырады: жылдар өте келе жүкті болды, бірақ ұлын босануына үш ай қалғанда баланың әкесі қашып кеткен. Әйелге еріктілер көмектесті. Бүгінде 30 жастағы келіншек бір жасар ұлымен Шымкенттегі дағдарыс орталығында тұрып жатыр.
"Көмек" дағдарыс орталығының директоры Малика Жүсіпованың айтуынша, еріктілер әйелге үміт сыйлағысы келеді.
"Оның арманы бар деп ойлаймын. Қыз балалық шағын құлдықта, зорлық-зомбылықта өткізгендіктен, өмірде көп нәрседен айырылған", - дейді Жүсіпова.
Бұрынғы тұтқын жазып, оқи алмайды. Әйелдің қолында құжаты да, ақшасы да жоқ. Бірақ бұл бәрібір құлдықтан, зорлық пен қорлаудан жақсы, дейді ол.
Шымкенттегі дағдарыс орталығында одан бөлек сексуальдық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған тағы бес қыз тұрып жатыр.