06 шіл, 2022 сағат 15:20

КҚК жұмысының тоқтауына байланысты шаралар қабылданады - Үкімет


6 шілдеде ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Каспий құбыр консорциумы қызметінің уақытша тоқтап қалуына байланысты жедел кеңес өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Кеңес барысында қазақстандық мұнай экспорты шектелуінің теріс салдары мен мемлекеттік бюджеттің шығындарын азайту жөніндегі қажетті шаралар талқыланды.

Талқылау қорытындысы бойынша Үкімет басшысы бірқатар тиісті тапсырма берді.

Айта кетейік, Новороссийскінің Приморский аудандық соты Ространснадзор анықтаған заңбұзушылықтарды жою үшін Каспий құбыр консорциумының (КҚК) қызметін 30 күнге тоқтатқан болатын.

Ространснадзордың Оңтүстік УГРН-ы Приморский аудандық сотына консорциум қызметін 90 күнге тоқтата тұру туралы өтінішпен жүгінген. Сот Ространснадзордың талаптарын ішінара қанағаттандырды. "КҚК-Р" АҚ қызметін 30 тәулікке әкімшілік тоқтата тұру түрінде жаза тағайындалды.

Каспий құбыр консорциумы "сот шешімін орындауға мәжбүр", алайда оның үстінен шағым түсіруге ниетті. Консорциумның баспасөз қызметі уақытша тоқтату мерзіміне қатысты түсініктеме беруден бас тартты.

КҚК – қазақстандық мұнай үшін негізгі экспорттық бағыт, оған құбыр арқылы айдалатын көлемнің 80%-тен астамы тиесілі. Құбыр желісінің қуаттылығы – жылына 67 млн тонна мұнай.