01 шіл, 2022 сағат 18:50

КҚК-да қазақстандық мұнайды екі айлақ арқылы жөнелту басталды


"ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев 30 маусымда Мәскеуде "Транснефть" ЖАҚ президенті Николай Токаревпен кездесті, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" "ҚМГ" АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Тараптар Каспий құбыр желісі консорциумының қазақстандық мұнайды тасымалдау жөніндегі қызметтің өзекті мәселелерін талқылады. Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестік үшін КҚК жобасының маңыздылығына да тоқталды. Мырзағалиев «Транснефть» компаниясы қазақстандық мұнайды тасымалдау мен транзиті саласындағы ҚМГ-ның ұзақ мерзімді және сенімді серіктесі екенін атап өтті.

Кездесуде бірінші және екінші жылжымалы айлақ құрылғылары маңайын жарылғыш заттардан тазарту бойынша жүріп жатқан жұмыстарға байланысты КҚК теңіз терминалындағы қазіргі жағдайына айрықша ден қойылды.

Бірінші және екінші жылжымалы айлақ құрылғылары акваториясында су астындағы қауіпті заттарды жете тексеру және кәдеге жарату жұмыстарын Ресейдің төтенше жағдайлар министрлігі осы жылдың 15 маусымнан бері жүргізіп келеді. Үшінші жылжымалы айлақ қалыпты жұмыс істеп тұр. Бастапқыда миналардан тазарту жұмыстарын маусымның 25-не дейін аяқтау жоспарланған еді. Бірақ ауа-райының қолайсыздығына байланысты осы жылдың 5-ші шілдесіне дейін ұзартылды" - делінген хабарламада.

Кездесу барысында тараптарға екінші жылжымалы аймақ маңайында минасыздандыру жұмыстары аяқталуға жақын екендігі, шілденің 1-нен бастап мұнай құбыры екі айлақ арқылы жұмыс істейтіні айтылды. Бірінші жылжымалы аймақ акваториясындағы қауіпті заттарды іздеу жұмыстары 2022 жылдың 5 шілдесіне дейін аяқталады деп жоспарлануда.

"ҚМГ мен «Транснефть» ЖАҚ басшылары осы жағдайларға қарамастан, КҚК қазақстандық мұнайды жүк берушілердің кестесіне сай кідіріссіз жөнелтіп жатқандығын атап өтті.

Бірінші және екінші жылжымалы айлақ құрылғылары маңайын жарылғыш заттардан тазарту жұмыстарының барысы жайлы пікір алмасқаннан кейін М.Мырзағалиев пен Н.Токарев жұмыстар уақытылы аяқталатынына сенім білдірді. Сонымен қатар үш айлақтың да тұрақты жұмыс істеп тұруының маңыздылығына тоқталды.

ҚМГ мен «Транснефть» ЖАҚ басшылары бірлескен қызметтің барлық аспектілері бойынша екі компания арасындағы қатынастар динамикасына оң баға берді және тараптар ынтымақтастығы өзара түсіністік пен серіктестікке негізделетінін мәлімдеді" - делінген ресми ақпаратта.