27 жел, 2021 сағат 23:25

ҚХЛ: «Барыс» буллит сериясында «Автомобилист» командасын жеңді


Құрлықтық хоккей лигасының кезекті турында «Барыс» елордада «Автомобилист» (Екатеринбург) командасымен айдынға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шығыс конференцияда «Барыс» пен «Автомобилист» сәйкесінше сегізінші, тоғызында орында еді. Сондықтан үздік сегіздікке ілігу үшін бұл матчтың маңызы зор болатын. 

«Барыстың» мерген шабуылшылары Никита Михайлис пен Кертис Волк осыған дейін төрт ойын бойы гол соға алмаса, бұл жолы қанжығалары майланды. 4-минутта Н.Михайлис Кертис Волк пен Егор Шалаповтың пасынан кейін есеп ашты. Көп ұзамай айдыннан қуылған Дмитрий Гурковтың шығуына бір секунд қалғанда, қонақтардан Стефан Да Коста сан басымдылығын пайдаланып кетті – 1:1. Дегенмен Якоб Лилья мен Н.Михайлис ұйымдастырған әдемі шабуылдан соң К.Волк есепті 2:1-ге жеткізді. 

Екінші кезеңде айдын иелері үш мәрте сан басымдылығын пайдалана алмады. Керісінше сондай сәтте Анатолий Голышев таразы басын теңестіріп кетті – 2:2. 

Үшінші кезеңде де, овертаймда да осы есеп өзгермегеннен кейін кездесу тағдыры буллит сериясында шешілді. Мұнда Якоб Лилья мен Линден Вей қақпаны дәл көздеді.

Матч барысында елордалықтардың қақпашысы Йони Ортио көптеген соққыны қайтара алды.

Осылайша «Барыс» маңызды екі ұпайға ие болып, сегізінші орынды сақтап қалды. 

Юрий Михайлистің шәкірттері биылғы жылдың ең соңғы ойынын 29 желтоқсан күні елордада Шығыс конференциясында үшінші орында келе жатқан «Салават Юлаев» (Уфа) командасымен өткізеді.