21 қаз, 2021 сағат 16:43

ҚХА интернет кеңестікте пайдалы контентті жиі ұсыну керек – депутат


Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін жетілдіре түсу үшін пайдалы заманауи контенттерді интернет кеңістігінде жиі жариялау керек. Бұл ұсынысты ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Юрий Ли білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгі жиында Ассамблеяның болашақтағы қызметіне қатысты біраз дүниелер айтылды. Жеке тоқталып өтсем, алдымен Түркістан облысындағы көпұлттылық тақырыбы ашық айтылды. Осы тұрғыда спикер Қазақстан көпұлтты мемлекет болғандықтан, көптілділік саясатын ұстану керектігін алға тартты және ол ұсынысты Мемлекет басшысын қолдап, білім министрлігіне көптілтілік саясатын зерттеу туралы тапсырма берді. Өз басым бұл ұсынысы тың өзгеріс деп ойлаймын. Сосын Аналар кеңесінің қызметін жетілдіру керектігі айтылды. Сондай-ақ, интернеттің пайдасы мен зияны тақырыбы көтерілді. Иә, интернетке қатысты ұзақ уақыт бәсекеге түсуге болады, өйткені оның пайдасы мен зияны қатар жүреді. Біз интернеттің игілігін ғана көрсек деймін», - деді Юрий Ли. 

Сонымен қатар, халық қалаулысы ассамблея жұмысын жетілдіре түсуге қатысты өз идеясын ортаға салды. 

«Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмысын көрсетіп, қызметін ілгерілету үшін интернет кеңестікте пайдалы контентті жиі ұсыну керек. Әрине, ол заманауи әрі тартымды форматта. Сол арқылы Ассамблея аудиториясын кеңейте алады. Сонымен қатар маған ұнаған жобаның бірі «Батырлар біздің арамызда». Керек жоба, себебі өңірлерде, ауылдық елдімекендерде еңбек етіп, халыққа пайдасын тигізіп жүрген жандар баршылық. Оны көп адам біле бермейді. Мысалы, ауылда шаруасын дөңгелетіп, адамдарды жұмыспен қамтып отқан жандар туралы жиі айтуымыз керек. Олардың интернетпен шаруасы жоқ, оны қарап отыратын шамасы да жоқ. Қайдағы блогерлерді насихаттағанша сол еңбекқор, батырларды елге үлгі етуіміз керек», - дейді ол.