31 шіл, 2024 сағат 16:28

"Кітап оқуға емес, көбіне араласатын орта іздеп келеді": Қазақстан кітапханаларында мүгедектерге қандай жағдай жасалған?

Фото: pisa2022-questions.oecd.org

Мемлекетті білімді азаматтар құрайды десек, кітапхана - білімнің қайнар көзі, негізі. Кітапханалар жалпыға ортақ, балаларға немесе ересектерге ғана арналған, яки салалық болатынын білеміз. Ал мүмкіндігі шектеулі жандарға отандық кітапханаларда қандай жағдай жасалған? 

Былтыр Қазақстанда 3,9 мың кітапхана жұмыс істепті, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 7 кітапханаға көп. Олардың басым бөлігі — 3,4 мыңы-ауылдық жерлерде орналасқан екен. Ranking сарапшыларының жазуынша барлық кітапхананың жағдайы бірдей мәз емес. Мысалы, елде кітапхана орналасқан 16 ғимаратта жылыту жүйесі іске қосылмаған, 75-і күрделі жөндеуді қажет етеді, ал 15-і апатты жағдайда тұр.

Ерекше қажеттіліктері бар жандарды алатын болсақ, елімізде тек 1,3 мың кітапхана немесе жалпы санының 32,7% ғана оларға қолжетімді екен.

Алматы қаласындағы Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасының директоры Бану Дәулетбаева онлайн кітап оқу мүмкіндігі де бұл статистикаға әсер еткен болар деп ойлайды. Оның пікірінше қазір мемлекет тек кітапханалар емес, бүкіл ғимараттарда мүгедектерге жағдай жасалуын талап етіп жатыр.

"Арнайы тексеріс жасап отырады. Соның әсері ме, әлде қоғамымыз өзі ізгіленіп жатыр ма мүгедектерге барынша жағдай жасауға тырысып жатқанымыз байқалады. Сол үрдістен кітапхана да қалыс қалмайды, халыққа қызмет мемлекеттік бюджет есебінен қызмет көрсететін мекеме болған соң қалыс қалуға қақысы да жоқ.  Бұрынғы кездермен салыстырғанда көш ілгері. Десек те, мүмкіндігі шектеулі оқырмандарға арналған арнайы кітапханалар қарастырылады. Арнайы кітапханаларда оларға арналған үстел, компьютерлер болады", -дейді кітапхана басшысы ULT.KZ тілшісіне. 


Бану Дәулетбаеваның сөзінше мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы кітапханаларда оларға арналған кітап қоры болуы мүмкін, бірақ:

"Алматы қалалық кітапханалар жүйесінде зағип жандарға арналған Брайль шрифтімен жазылған кітаптардың аздаған қоры бар. Кітапханалар жүйсенің 2-3 кітапханасында бірнеше компьютер қойылған. Қазір мүгедектер де, басқалар да онлайн қызмет ала алады", - деп отыр Б. Дәулетбаева. 


Жалпы кітапханаға мүмкіндігі шектеулі адамдар қаншалықты жиі келеді? Бұл туралы кітапхана директорынан сұрап көрген едік, ол өздеріне тұрақты келетін бірнеше оқырман бар екенін айтты.

"Олардың арасында кітап оқуға емес, көбіне араласатын орта іздеп келіп, өтетін іс-шараларға қатысып, көріп отыратындары бар. Бірақ ол мүгедектердің барлығы кітапханаға келеді дегенді білдірмейтін шығар", - дейді маман. 


Айта кетейік, 2015 жылы 20 ақпанда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заңға қол қойды. Конвенцияға сәйкес қатысушы мемлекеттер мүгедектердің жеткілікті өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету, олардың елдің саяси, қоғамдық және мәдени өміріне қатысуы үшін мүмкіндіктері шектеулі адамдардың құқықтарын қамтамасыз етудің тиімді құқықтық тетіктерін жасау жөнінде барлық тиісті шараларды қабылдауы тиіс.


Балжан Жеңісқызы, ULT.KZ