29 мам, 2024 сағат 14:28

Кісі өлтіріп, Ресейде қашып жүрген күдікті елге қайтарылды


Фото: видеодан алынған кадр


Бүгін Бас прокуратура қызметкерлері Қазақстан азаматын адам өлтіргені үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Ресейден экстрадициялады, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» Kazinform-ға сілтеме жасап.


Ол 2023 жылғы қаңтарда Шымкент қаласында алдын ала сөз байласу арқылы бір топ адаммен бірге кісі өлтірген.

Күдіктінің сыбайластары сотталды, ал фигурант қылмыс жасағаннан кейін жасырынуына байланысты халықаралық іздеу жарияланған.


Өткен жылғы желтоқсанда ол Ресей Федерациясының аумағында ұсталды.


Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша ресейлік тарап күдіктіні Қазақстан Республикасына экстрадициялау жөнінде шешім қабылдады.


Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалған.  


Айыпталған қылмысты жасағаны үшін он бес жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге немесе өмiр бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.