27 ақп, 2020 сағат 11:33

Кісі өлтірген Қарағанды тұрғыны 8 жылдан соң ұсталды

Алматыда кісі өлтіргені үшін 8 жыл іздеуде болған қылмыскер ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде 26 ақпанда Алматыда 33 жастағы Қарағанды қаласының тұрғыны ұсталды.

Бұл адам ауыр қылмыс жасағаны үшін, атап айтқанда, жәбірленушінің өліміне әкеп соққан ауыр дене жарақатын қасақана келтіргені үшін шамамен 8 жыл халықаралық іздеуде болған.

Күдікті Алматы Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Оған қамауда ұстау туралы бұлтартпау шарасы қабылданды.

Еске салсақ, 2019 жылдың шілдесінде Қарағанды облысының прокуратурасымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке күдіктіні іздестіру қайта тапсырылған болатын.