Шығыс Қазақстан облысында кісі өлтірді деп күдіктелген азамат жоғары лауазымды шенеуніктердің туысы болуы мүмкін деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат".
"Құрметті президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев, Бас прокурор Берік Асылов, ішкі істер министрі Ержан Сәденов, Мен Сұлтанова Сая Жараскызы, қаза тапқан Көшеров Жарас Сұлтанұлының қызымын. Құқық қорғау органдары бүгінгі күнге дейін қол қусырып отырғандықтан сіздерден көмек сұраймын", - деді марқұмның қызы бейнеөтініште.
2 наурызда Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданы Қалжыр ауылында Жарас Акушеров есімді жергілікті тұрғын қаза тауып, туыстары бұған бұрын осыған ұқсас қылмыспен істі болған Бауыржан Нұрмұхановтан күдіктенеді.
"Нұрмұхановтың ағасы-Нұрмұханов Бақыт Маратұлы Конституциялық сот төрағасының орынбасары, басқа ағасы Мұрат Нұрмұханов прокуратураның қызметкері. Күршім бөлімінің бастығы Нұрмұхановтар отбасымен жақсы қарым-қатынаста. Аудан прокуратурасының орынбасары - күдіктінің танысы, ол мәйітханада және куәгерлерден жауап алу кезінде болған", - деді туыстары.
Олар қылмыстық істің кісі өлтіру фактісі бойынша емес, "денсаулыққа ауыр зиян келтіру" ретінде тіркелгеніне осы жағдай себеп деп санайды.
"Кісі өлтіру 2 наурызда болған, бірақ бүгінгі күнге дейін Нұрмұханов Бауыржан әлі ұсталған жоқ және күдікті деп танылған жоқ, бірақ куәгер. Ешқандай іс-қимыл жасалып жатқан жоқ", - деді марқұмның қызы.