21 қар, 2019 сағат 06:52

«Кірбіңі кеткен көңілден...»

1956 жылғы июнь айының он бірі күні Мұхтар Әуезов өз қолынан «Абай жолын» маған тарту етті. Кітаптың ішкі бетіне «Кірбіңі кеткен көңілден...» деп жазып берді.

«Кірбіңі кеткен көңілден...» Осы бір сөздерде көп сыр бар еді. Оның сырын ашудан бұрын, Мұқаңмен қалай танысып, қандай қарым қатынаста болғанымызды қысқа түрде еске алған жөн сияқты.

30-жылдардың бас кезінде мен Қазақтың Абай атындағы педагогтік институтында оқып жүрдім. 1932 жылдың январь айында Мұқаң бізге сабақ бере бастады. Ол «Қазақ ауыз әдебиеті», «СССР халықтарының әдебиеті», «Қырғыз әдебиеті» деген курстар бойынша лекция оқыды. Мұқаңмен жалпы танысуым осы кезден басталды. Ал, бір-бірімізбен жақын, білісе танысуымыз 1939 жылдың апрелі. Бұл кезде мен аталған институттың аспирантурасында оқитынмын. Институттың ғылыми Советі Мұқаңды маған ғылыми жетекші етіп тағайындады. Бұған мен қатты қуандым. Мұқаң менің аспирантурада қалай оқуымды, білімді қалай алу жолын көрсетіп, оқуыма керекті кітаптардың (материалдардың) тізімін жасап берді. Және де жұма сайын не оқығанымды бақылап, менен есеп алып отырды. Арада біраз уақыт өткен соң ол алдағы кандидаттық диссертациямның тақырыбы етіп «Қобыланды батыр» жырын алуды ұйғарды. Бұл жырды қалай зерттеу керектігін, қандай мәселелерді қарастыру керектігін, нақтылы жоспар да жасап берді.

Мұқаңның айтуы бойынша «Қобыланды батыр» жырының ел арасында қандай нұсқалары барлығын анықтауға кірістім.  Бұл жырдың жұртқа көптен танысы Марабай ақынның айтуындағы нұсқасы болатын. Менің қолымдағы материал сол ғана.

- Жырды толық зерттеу үшін Марабай варианты аздық етеді, - деді бір күні Мұқаң. – Жырдың толық бір нұсқасы 1914 жылдар шамасында Қазанда басылған еді. Соны тауып алу керек. Алтынсаринның «Хрестоматиясын» қарап шықшы, онда да «Қобыландыдан» кішкентай үзінді бар еді. Және де халық ақындары мен ескі жырларды жатқа білетін ақындармен байланысқаның жөн. Олардың да саған керекті көп материал беретіні сөзсіз. Бұл – бір. Екіншіден, сен эпос туралы, эпостық жырлардың шығу тарихын, поэтикасы жайлы әдебиетші, фольклорист ғалымдардың еңбектерін мұқият қарастыруды басты парызым деп біл. Оны ұмытушы болма. Бұл еңбектердің тізімі қолында ғой, одан не оқып, не қойғаныңнан әрбір айда есеп беретін боласың.

- Көбейіп кетті ғой, - дедім.

- Пәлі, нені көбейіп кетті деп тұрсың? Оқитын кітаптарды ма, әлде істейтін жұмысты ма? Көп оқысаң, көп білесің, жұмысты көп істесең, мақсатыңа жетесің. Жалқау болсаң артта қаласың, диссертация жаза алмайсың. Мұны есіңнен шығарма.

- Мақұл.

Осылай «Қобыланды батыр» жырын зерттемек болып, оған керекті материалдарды жинау, оқу ісіне бірыңғай кіріскен кезімде, Ұлы Отан соғысы басталып кетті. Көппен бірге мен де Армия қатарына алынып, жауынгерлік сапқа тұрдым. Майданға араласа жүріп Мұқаңмен хат арқылы байланыс жасап тұрдым. (Біздің хаттарымызда, көбінесе, әдебиет пен өнер жайы сөз болатын еді. Ол хаттардың біразын мен Мұқаңның музейіне тапсырдым).

Соғыстан кейін мен Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтына қызметке орналастым. Мұқаң да осы институтта істейді екен. Менің ғылыми жұмысқа келгеніме ол қатты қуанды, «мен сенің ғылыми жетекшіңмін, диссертацияңды сапалы етіп тезірек бітір» дегенді айта бастады. Айтып қана қойған жоқ, менің «Қобыланды батырды» зерттеуіме аса көп көмек көрсетті және еңбектің жазылған бөлімдерін оқып, өзінің ақыл-кеңесін айтып отырды. Арада бір жыл өтті, диссертация дайын болды. Оған Мұқаң ғылыми қорытынды жазып, еңбекті қорғауға ұсынды. 1947 жылғы июль айының 22 күні Қазақ университетінің ғылыми советінде мен диссертациямды қорғап шықтым. Бұған диссертанттан гөрі Мұқаң қатты қуанды.

Содан былай Тіл және әдебиет институтында Мұқаңмен бірлесе көптеген ғылыми жұмыстар жүргізе бастадық. Сөйтіп жүрген шақта, Мұқаңмен арамызда бір кикілжің жағдай  туа қалды. Мені өзінің ет бауыр жақынындай, туған інісіндей жақсы көретін, қатты қадірлейтін Мұқаң, 1953 жылдың апрелінен былай қарай маған қырын қарап кетті. Ол маған деген өкпесі, көңілінің кірбіңі бар екенін білдірді. Бірақ, ол көңіліндегі кірбіңін ашып айтпаса да, маған ренжулі екенін сездірді. Тіпті, дұрыстап амандаспайтын, берген сәлемімді ықыласпен қабылдамайтын болды.

Мұның себебі не еді? Міне, енді осы сұрауға және Мұқаңның «Кірбіңі кеткен көңілден» деген сөзіне кеңінен оралайық.

1950 жылғы декабрь айының 30-да «Правда» газетінде «Қазақстан тарихын маркстік - лениндік тұрғыдан баяндайық» («За марксистско – ленинское освещение истории Казахстана») деген көлемді мақала шыға келді. Оны П. Кучкин, Х. Айдарова, Т. Шойынбаев деген үш тарихшы жазыпты. Мақалада профессор Ермұхан Бекмахановтың «ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» дейтін монографиясы сынға алынды. Мақала «Қазақ әдебиеті» деп аталатын оқулықтарда ескілікті, ертедегі әдебиетті, бұрынғы ақындарды мадақтаушылық орын алды деп көрсетіледі.

Осы мақаладан кейін республикалық газеттерде мақалалар шыға бастады. Онда жалғыз Кенесары мен Наурызбай емес, қазақ халқының ертеден келе жатқан мәдени мұрасы, ауыз әдебиетінің үлгілері сынға алынды.

Жағдайдың осы сияқты болуына қарамастан, сол кездегі газет-журналдарда шыққан мақалалар мен жиналыстарда айтылған пікірлер екі топқа бөлінеді. Біріншісі – «ұр да жық» бағытында болса, екіншісі - өткендегі мұраға әділдікпен қарауды, мұра атаулының бәрін құртып жібермеуді айтады.

Міне, осы кезде Қазақстанның Орталық партия комитеті қаулы алып, «Правда» газетінде көрсетілген мәселені дұрыстап шешу үшін әдебиет саласында республикалық айтыс өткізілу керек, онда ертедегі мұраның қайсысын пайдалануға болады, қайсысын пайдалануға болмайды дегенді айқындау қажет деп табылды. Осыған орай, айтыста жасалынатын негізгі мәселелер жөнінде баяндамашылар белгіленеді. Айтыста «Қазақтың батырлар жыры туралы» баяндама жасау Мұхтар Әуезовке, «Тұрмыс-салт жырлары туралы» баяндама жасау Сәбит Мұқановқа тапсырылады. Бұл 1952 жылдың январы еді.

Баяндамашылар өздеріне тапсырылған міндетті орындауға кірісе бастады. Мұнымен қатар сол кезде газет бетінде қазақтың ертедегі мәдени мұрасын жамандаған мақалалар жарияланып жатты...

1952 жылғы октябрь айының 14 күні түнде үйде қызмет істеп отыр едім, телефон сылдыр етті. Тыңдай қалдым. Телефон соғып тұрған Орталық партия комитетінің бөлім меңгерушісі Құрман Оспанов екен.

- Сіз қазір маған келіп кетсеңіз екен, - деді ол.

Тез жиналдым да Құрманға келдім. Ол менімен амандасты да:

- Сізді Сужиков жолдас (Орталық Комитетінің секретары) күтіп отыр, сол кісіге барып сөйлеселік, - деді.

Ол кісі әңгімесін турасынан бастап кетті.

- Қазақ әдебиетінің мәселелеріне арналған айтысты осы ноябрь айында өткізуіміз керек еді. Бірақ, соның белгіленген мерзімде өтпей қалатын қаупі туып тұр.

- Неге? – дедім.

- Бүгін осында Мұхтар мен Сәбит келіп кетті. Екеуі де баяндама жасаудан босатуды сұрайды. Сонда олар: баяндамаға керекті материалдармен танысқанымызда қазақ әдебиетінің тарихын зерттеу жөнінде көп қатені өзіміз жіберген екенбіз, сол үшін біздер қатты сынға алынуымыз керек. Сондықтан, ондай сынды баяндамамызда өзіміз жеткізе айта алмауымыз мүмкін. Біз жарыссөзге шығып пікір айтармыз, - депті. Орталық Комитет олардың бұл тілектерімен келісіп отыр. Ендігі әңгіме – жаңадан баяндамашылар белгілеуде – деп, Сужиков жолдас маған қарады.

- Мұқаң мен Сәбеңнің тілектерімен келіскен болсаңыздар, жаңадан баяндамашылар белгілеу қиын емес шығар – дедім.

- Әрине, баяндамашыларды белгілеу оп-оңай, бірақ, қазір бізге соларды тауып алу қиын болып отыр. Бүгін күндіз біраз жолдастар осында бас қостық, кімдердің баяндамашы болуға реті барлығын сөйлестік. «Қазақтың батырлар жыры туралы» баяндаманы Сізге, ал «Тұрмыс-салт жырлары» жайындағы баяндаманы Мұсатай Ақынжанов жолдасқа тапсыралық деген қорытындыға келдік. Бұл ұсынысты жасаған Академия болды, оны біз де қостадық. Осыған Сіз қалай қарайсыз?

- Көпшілік солай деп ұйғарса, мен қарсы болмаймын. Бірақ, баяндаманы дайындау үшін қанша уақыт беріледі?

- Уақыт жағы тығыз, - деді Сужиков жолдас. - Өзіңізге мәлім әдебиет мәселесіне арналған республикалық айтыс алдағы ноябрь айында өткізілуге тиіс еді. Ал, баяндамашылардың жаңадан белгіленуіне байланысты айтыстың өткізілу мерзімі үш айға кешіктірілсін деп отырмыз.

- Иә, уақыт жағы аз екен.

- Оны бәріміз де біліп отырмыз, енді кешеуілдетуге болмайды, қайтсе де оны өткізуіміз керек. Өйткені, қазіргі кезде қазақ халқының ертедегі мәдени мұрасы жайында дұрыс пікірлер айтылуымен қатар, теріс те алып - қашпа сындар орын алуда. Оларға қорытынды жасайтын, айтылып жүрген пікірлердің дұрысын - дұрыс, терісін - теріс дейтін жер - республикалық айтыс болуы керек. Бұл үшін Сіз әкімшілік жұмысыңызды орынбасарыңызға (бұл кезде мен Қазақтың Абай атындағы педагогтік институтында ректор болатынмын) жүктеңіз де, өзіңіз күн-түн баяндамаңызға отырыңыз, - деді.

-  Мақұл...

- Және де есіңізде болсын, - деді ол, - бұл баяндаманы Орталық комитеттің Сізге берген арнаулы тапсырмасы деп түсініңіз.

-  Түсінікті.

Сонымен, басқа жұмыстарға алаң болмай, алдағы айтыста жасайтын баяндаманы дайындауға кірістім. Ең алдымен, баяндаманы өзімше жоспарын жасап, онда не айтпақ болғанымды белгіледім. Келесі бір күні телефон арқылы Мұқаңмен байланыстым.

- Енді бір он минуттан соң Әдебиет институтында боламын, сонда келе ғой, - деді Мұқаң.

Келсем, Мұқаң мені институт директорының кабинетінде күтіп отыр екен. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін мен оған Сужиков жолдаста болған әңгімені айттым.

- Оны естідім, - деді Мұқаң, - бұл баяндаманы саған тапсырғаны өте дұрыс болған. Отыр да дайындал.

- Айту оңай ғой, Сіз осы баяндамаға он ай дайындалып, артынан бас тарттыңыз емес пе, - деп қалжыңдай бастадым.

- Енді менен баяндаманы екі-үш айда дайын етуді талап етесіздер, ауыр да қиын жүк артасыздар. Байқап қарасам, бір осы баяндама бойынша оқылуға тиісті материалдардың өзі бірнеше айға жетеді екен. Ал, баяндаманы жазу үшін қанша уақыт керек...

- Оның бәрін білемін, түсінемін. Бұл айтыс сен үшін, не мен үшін керек емес, халықтың мәдени мұрасын дұрыстап бағалау үшін керек. Олай болса, айтыста жасайтын баяндамаңа жауапты қара... Кәні, сол баяндаманың өзіңде жоспары бар ма, не айтпақсың?

- Баяндаманың менде ешқандай жоспары жоқ. Не айту керектігі өзіме айқын да емес...

- Пәлі, оның қалай? – деді Мұқаң.

- Менің бірінші ойым: ең алдымен, мүмкіндігі болғанша қазақтың батырлар жырынан не бар екенін білу, олардың баспа жүзіне шыққандарын, қолжазба күйінде жатқандарын оқып шығу. Содан кейін баяндамаға отыру керек болар.

- Оның дұрыс. Қолда бар деген батырлар жырын тегісінен оқып, танысқаның аса қажет. Бірақ, мұнымен баяндама шықпайды. Баяндаманы ғылыми дәрежеде жасау үшін оқитын, танысып алатын материалдарың қазақтағы батырлар жырынан әлдеқайда көп. Меніңше, батырлар жырын оқып, игеріп алғаннан кейін ескі мәдени мұра туралы, соның ішінде, халықтың эпосы жайында марксизм – ленинизм классиктері не айтты дегенді қарастыру шарт. Оны білмей жақсы баяндама жасау мүмкін емес. Содан кейін, батырлар жыры жайында дүниежүзілік ғылым және орыс ғалымдары не айтты, қалай зерттеді, қандай пікірлер болды дегенді мықтап білуің керек. Бұдан соң, қазақтың батырлар жыры қалай зерттелді, қандай пікірлер, көзқарастар болды дегенді қарастыр. Міне, осыдан кейін баяндамаңда не айтылу керектігі белгілі болады.

- Бұл айтқандарыңыздың бәрі дұрыс та орынды. Бірақ, оны орындауға уақытым жетпейді ғой.

- Мұның сөз емес. Баяндаманы ғылыми дәлелді етіп жасау үшін фактыларды толық білу шарт. Фактысыз, құрғақ сөзбен құнды пікір айта алмайсың... Батырлар жыры туралы ғылыми еңбектерден не оқу керектігін көрсетіп, қосымша тізім жасап берейін. Баяндамаңды жазуға келгенде онда не айту керектігін кейін тағы ақылдасармыз.

     Арада екі айдан аса уақыт өтті. Бұл кезде баяндамаға қажетті материалдардың көбін оқып, еңсергендей болдым. Онда айтылатын басты-басты мәселелердің қарасыны көріне бастаған секілденді. Өзіме жоспар жасап, баяндамада көтерілуге тиісті деген мәселелерді белгілеген болдым.

Баяндаманы жазбастан бұрын, оның тек жоспарын жасадым да ақыл-кеңес сұрай Мұқаңа бардым. Мұқаң мені өзінің үйіндегі кең кабинетінде қабылдап, ұзақ әңгімеге кірістік.

- Кәні, баяндамаң не болып жатыр? – деді Мұқаң.

- Баяндама әлі жазылған жоқ. Тек жоспары ғана бар.

- Жоспардан бұрын не оқығаныңды айтшы. Анада мен берген тізімді, онда көрсетілген еңбектерді оқыдың ба?

- Оқыдым, - дедім де баяндамаға қалай дайындалып, нендей материалдармен танысқанымды қысқаша айтып бердім.

- Ә, мұның жақсы болған, - деп Мұқаң құптап қойды.

    Содан кейін мен баяндамамның жоспарымен таныстырдым. Баяндама екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімінде: батырлар жырының не екендігі, жалпы халық творчествосы туралы (оның ішінде батырлар жыры жайында) марксизм-ленинизм классиктерінің пікірі айтылады. Батырлар жыры туралы дүниежүзілік ғылым және орыс ғалымдарының еңбектері қысқаша сөз болады. Содан кейін қазақтың батырлар жыры қалай зерттеліп келгендігі, қандай қате-кемшіліктері болғандығы көбірек айтылады. Бұл ретте сол қатені жіберген кісілердің аттары аталып, еңбектері сыналады. Екінші бөлімінде: қазақтағы батырлар жырының шығу тарихы қарастырылады. Осыған байланысты әрбір жырға баға беріледі. Жырлардың халықтығы деген мәселе айрықша сөз болады.

Мұқаң бұл жоспарды негізінен құптады да былай деді:

- Жоспарың дұрыс. Оны қалай іске асырғаныңды баяндамаңды оқығанда көрерміз. Бірақ, алдын-ала бір нәрседен сақтандырғым келеді. Батырлар жырын зерттеуде көбіміздің жіберген қате-кемшілігіміз бар, оларды әділ сына. Сын айтам деп сыңар жақ кетпе, сының өткір де дәлелді болсын. Дәлелсіз дау айтпа. Батырлар жырын зерттеуде қате жіберген адамдарды жолдастық көңілмен сына, «ұр да жыққа» барма. Біз өзіміз байқамаған қатемізді түсініп, түзейтін болайық. Құр айқаймен ғылым жасалмайды.

- Сын өткір болсын деп жүргендер бар ғой.

- Бола берсін. Сынды өткір етем деп көрінгенге жармасу керек емес. Қатемізді айт, оны дәлеліңмен, фактыңмен көрсет. Бірақ, адамның қара басына тиісіп, түрлі атақ тағудан сақ бол. Екінші айтайын дегенім, жеке жырларды бағалауға келгенде оларға беретін бағаң байсалды да, дәлелді болсын. Біздегі жырлардың бәрі шетінен жаман, не бәрі түгелінен жақсы емес. Олардың ішінде асылы да, жасығы да бар, халық тілегінен туғаны да, ескі сананы жырлайтыны да бар. Бұларды айыра біл. Сөйткен күнде біз батырлар жырын дұрыс бағалап, олардың ішінен керектісін таңдап ала  алатын боламыз.

Осы ретпен Мұқаң ойында жүрген көп пікірін айтты. Және оның қатты бір ескерткені батырлар жырын түгелдей жамандау немесе түгелдей халықтық деп мақтау ғылыми теріс болады, - деді.  Біздің міндетіміз: халықты жырсыз қалдырып, ертеден келе жатқан эпосынан айыру емес. Батырлардың ішінен, халыққа тиістісін өзіне қайырып беру, соған көмектесу, ал халыққа жаттарын және оның неліктен жат екендігін айқындап көрсету керек.

Біраз әңгімелескеннен кейін мен Мұқаңа қалжыңы – шыны аралас бір сұрау қойдым: баяндамамда Сізді де сынамақпын, оған ренжімессіз? – дедім.

- Пәлі, осы да сөз болып па? Әділ сын болса, оған ешкім де ренжімеске керек. Батырлар жыры жөнінде Әуезовтың жазғандарының бәрі де дұрыс деп, не бәрі жаман деп айтуға болмас. Ол да адам. Оның да қате-кемшілігі бар. Мәселе, соларды әділ сынап, дұрыс көрсетуге ғой. Егер, дұрыс сынасаң, ренжімеймін, құп аламын. Ал, қара дүрсінмен кетсең, оныңа дау айтатын боламын...

...Арада тағы біраз күн өтті. Мен баяндамамды жазып та шықтым. (Машинкаға басқанда 120 беттей болды). Содан кейін оны Тіл-әдебиет институтының коллективінде оқыдық, пікір алыстық. Және де баяндаманың бір-екі данасы жоғары жердегі бастықтарға жіберілді. Сонда жұрттың көбірек көңіл аударғаны баяндаманың қазақтағы батырлар жырын зерттеуде жіберілген қате-кемшіліктері жайында сын айтқан бөлімі еді. (Бұл бөлімде М. Әуезов, С. Мұқанов, Ә. Марғұлан, Б. Кенжебаев сияқты әдебиетші – ғалымдардың қазақтағы батырлар жырын зерттеуде жіберген қателері сөз болатын. Ондай қателердің неліктен туғандығы көрсетілетін).

Бұдан соң баяндама алдағы үлкен айтысқа дейін Қазақстан Жазушылар одағында талқыланды. Ол жиналысты Жазушылар одағы басқармасының председателі Ә. Жаймурзин жолдас басқарды. Жиналысқа көптеген жазушы, сыншылар (соның ішінде Мұқаң да бар) қатысты.

Баяндаманы талқылауға арналып Тіл-әдебиет институтында, Жазушылар одағында өткізілген жиналыстарда көптеген адам пікір айтты. Бәрі де баяндаманың құрылысын, мәселені қою жайын қостай отырып, «әлі де сын жағын күшейту керек» десті. «Сыны өткір емес, жылымшылау екен. Батырлар жырын зерттеуде жіберілген қателерді ашып айту керек. Бұл ретте, әсіресе, Әуезовтың қатесін қатты айту керек» деушілер болды.

Баяндаманы талқылау осылай жүріп жатты. Келесі бір күні мені Қазақ ССР Ғылым академиясының вице-президенті Нығмет Сауранбаев шақырып алды.

- Баяндамаңызды оқып шықтым. Мәселені көтеруіңіз, негізінен алғанда, дұрыс сияқты. Бірақ, сыныңыз әлі де болса әлсіз екен.

- Мен білгенімше айттым. Мен айыптаушы емеспін, баяндамашымын.

- Баяндамашы болсаңыз, біздің пікірімізбен есептесуіңіз керек. Сіз бұл баяндаманы өз атыңыздан жасамайсыз, институт атынан жасайсыз. Ол менің баяндамамның жоғары жаққа кеткен данасын столының суырмасынан алды да, қолыма ұстата берді.

- Міне, өзіңіз қараңыз. Мынау сіздің баяндамаңыз. Мұны жоғарыдағы жолдастар да оқып, өздерінің замечаниесін жазыпты. Қарап танысыңыз.

Сол арада мен баяндамамның «жоғарғы жолдастар» оқыды деген данасын қарай бастадым. 120 беттік баяндамамның тек төрт жерінде ғана қызыл, көк қарындашпен жазылған «усилить» «усилить» («күшейт», «күшейт») деген сөздер бар екен. Басқа беттерінде ешқандай таңба жоқ. Манағы «усилитьтер» Мұқаң жөнінде айтылған беттерге жазылыпты.

Бұдан әрі қарай Н. Сауранбаевпен «түсінісіп» жатуды артық көрдім де:

- Жарайды, мен ойланайын. Бірақ, айтқаныңызды түгелдей орындаймын дей алмаймын, - деп шығып кеттім.

Уақыт өте берді. Қазақ эпосының мәселелеріне арналған республикалық айтыстың болатын күні де жақындап қалды. Оған дейін мен баяндамамды қайта қарастырып, алдын ала болған талқылауларда айтылған пікірлердің кейбіреулерін еске алдым.

1953 жылғы апрель айының он екісі. Үкімет үйінің үлкен залында (бұл үй кейіннен Қазақ университетіне берілген) қазақ эпосының мәселелеріне арналған республикалық айтыс (дискуссия) ашылды. Залда лық толған халық. Мұның ішінде Москва мен Ленинградтан, Ташкент пен Фрунзеден, облыстардан, тағы басқа жерлерден келген ғалымдар, қонақтар, республиканың басшы адамдары, әдебиетшілер, студенттер т.б. бар.

Айтысты Қазақ ССР Ғылым академиясының сол кездегі президенті академик Д.А. Қонаев жолдас қысқаша сөз сөйлеп ашты. Күн тәртібі қабылданғаннан кейін «Қазақтың батырлық жырын зерттеу жөніндегі проблемалар туралы» баяндаманы мен жасап шықтым. Бұдан соң «Қазақтың тұрмыс – салт жырлары туралы» баяндаманы тарих ғылымдарының кандидаты, Қазан университетінің доценті Мұсатай Ақынжанов жасады.

Мен баяндамамда ескіден келе жатқан мәдени мұраны сын негізінен қарастырып зерттеу, пайдалану туралы біраз айттым да, екі мәселеге айрықша тоқтадым. Оның біріншісі: біз қазақтың батырлар жырын қалай зерттеп, қалай бағалап келдік, екіншісі: алдағы күнде батырлар жырын қалай зерттеу, қалай бағалау керек деген тақырыпта болды. Және де жеке жырларға тоқтап, олардың қайсысы халықтық, қайсысы жат жыр дегендерді қарастырдым.

Бір айта кететін нәрсе: мен баяндамамда батырлар жырын зерттеген жолдастарға «ярлык» тақпауға, бірақ олардың еңбектерінде жіберілген қате – кемшіліктерді ашып айтуға тырыстым. Осы ретте Мұқаңды «әдейі қате жіберген» деп айыптамай, оның батырлар жырын зерттеуге арнаған еңбектерінде елеулі қате – кемшіліктердің орын алғанын айттым.

Үш күнге созылған бұл айтыс өте қызу өтті. Қырық шақты адам жарыссөзге қатысты. Солардың ішінде: М. Әуезов, С. Мұқанов, С. Смирнова, Ә. Марғұлан, А. Боровков, С. Толыбеков, С. Аманжолов т.б. бар еді.

Айтыстың қорытындысында, батырлар жырын алдағы күнде зерттеу жолдары туралы үлкен қаулы алынды. Және де «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын», «Алпамыс», «Қамбар», «Қозы Көрпеш Баян сұлу», «Қыз Жібек» сияқты жырлардың халықтық негізде туғандығы атап көрсетілді. Ал, басқа жырларды ғылыми тұрғыдан зерттей беру, ең асылдарын баспа жүзіне шығару қажет деп табылды.

    Айтыс жұмысын аяқтады.

Байқаймын, айтыстан кейін Мұқаңның маған деген көзқарасы, қарым-қатынасы өзгеріп қалған сияқты. Сәлемімді жылы шыраймен қабыл алатын бұрынғы Мұқаң көрінбейді, өкпелі Мұқаң көрінеді. Бұл қалай? Мұқаңның маған дегенде өзгере қалу себебі неде? – деп көп ойладым. Байқаймын, арамызға от тастаушылар, Мұқаңа мені жамандап шағыстырушылар бар секілді.

Айта кететін бір нәрсе: Мұқаң бала мінезді, айтқанға сенгіш адам еді ғой. Оның осы мінезін кейбіреулер қатты пайдаланатыны да белгілі болатын. Міне, айтыстан кейін Мұқаңа мені жамандаушылар, өсек айтушылар да табылыпты. Олар Мұқаңа: «Ғабдуллин сізді қатты сынады ғой» дейді де, Мұқаңның қытығына тие екі араға от тастайды.

Осыдан былай бір-екі жыл бойына Мұқаң маған теріс қарап жүрді. Жиналыстарда не басқа жағдайда кездесіп қалғандай болсақ, ол берген сәлемімді бұрыңғыдай жылы шыраймен алмайтын, не көрмегендей сырт айналып кететін болды.

- Апыр-ай, Мұқаңның мұнысы несі? – дейтін болдым өзіме - өзім. – Бірақ - екі ауыз сын айтты, сынады екен деп осынша бұлан – талаң болғаны қалай? Айтыс кезінде аздап сын айтқаным болмаса, оған басқа жасаған жамандығым жоқ еді ғой... Бұл болмайтын іс. Мұқаңмен тіл табуым керек, табысуым керек. Бірақ қалай?

Әрі ойлап, бері ойлап дегендей, менің бір тапқаным Мұқаңа хат жазу болды. Онда бүгінгі қазақ поэзиясында бір мәселесін сөз ете отырып, Мұқаңмен сөйлескім, пікірлескім келді. Егер, ол хатыма жауап берсе, онда ұғысамыз. Мұқаңның ешқандай да өкпе – араздығы жоқ деп білетін боламыз. Ал, жауап бермесе, хатты аяқсыз қалдырса – онда Мұқаңмен түсінісетін күнді алдан күтеміз деп ойладым.

Сонымен «Мұхтар Әуезовке хат» деп аталатын хатымды да жаздым. Бірақ оны Мұқаңның үй адресіне жібермей, «Қазақ әдебиеті» газетіне жолдадым. Редакциядағы жолдастардан бұл хатты газетке жариялауды өтіндім. Олар тілегімді қабыл алды да, хатты ешбір өзгеріссіз газетке шығарды. («Қазақ әдебиеті», 1955 жыл, 28 октябрь, № 43).

Көлемі жағынан ұзақ жазылған бұл хатта бүгінгі қазақ поэзиясы туралы мәселе қозғалады, ол жөнінде Мұқаңның пікір айтуы сұралады. Хат мынадай сөздермен аяқталады:

«Қазақ әдебиетінің шешілмей жатқан мәселелері өте көп қой. Оларды бірлесе, ынтымақтаса, бір-біріміздің қате, кемшіліктерімізді жолдастық ниетпен сынаса отырып шешуге тиістіміз. Бұл айтылған жайлар соңғы кезге дейін болмай келді ғой. Бір кезде сын деп, сынау деп сыңаржақ кеткен, асыра сілтеген жеріміз болды. Ондайымыз үшін кешірім етуіңізді сұраймын».

Менің Мұқаңа айтайын дегенім, хат арқылы білдірейін деген ойым – хаттың осы соңғы абзацында берілген деуге болады...

Таңертеңгі сағат тоғыздан асып бара жатқан кез еді. Институтта қызметте отырғам. Телефон сылдыр ете қалды. Трубкадан таныс дауыс естілді. Кәдімгі Мұқаңның дауысы.

- Мен Мұхтармын ғой, - деді де амандық-саулық сұрады. Содан кейін: хатыңды оқып шықтым. Кешірдім бәрін де. Сен өзің қазір біздің үйге келші. Отырып сөйлесейік.

- Жарайды. Қазір бізде бір жиналыстар бар еді. Оны тастап кетуім ыңғайсыз ғой.

- Олай болса, жұмысың бітісімен кел. Күтіп отырамыз...

Мұқаң үйіне түс кезінде келдім. Мұқаң күтіп отыр екен. Екеуіміз құшақтаса кеттік. Ол мені көптен көрмеген жақын туысындай құшақтап, сүйіп жатыр.

- Жүр, - деп Мұқаң мені кабинетіне алып кірді. Кабинетінде Жұмағали Саин, Мұсатай Ақынжанов, Ғайса Сармұрзин отыр екен.

Түскі астан кейін Мұқаңмен ұзақ әңгімеге кеттік. Ол соңғы екі жылдың ішінде маған өкпелі болып жүргенін айтты. Сөзін бөлмей, тыңдап отырмыз.

- Мен сені жақсы көретін, сүйсінетін едім. Маған достық көңілмен қарайтыныңды да білетін едім. Өзгені былай қойғанда, 1949 жылы апрель айында менің Сталиндік сыйлық алғаныма арналған қалалық жиналыста жасаған баяндамаңа қатты риза болған едім. Сөйткен сенің, өткендегі айтыста бет-жүзге қарамай, сынағаныңа қатты өкпеледім.

– Ойбой, Мұқа–ау, қызық екенсіз ғой, - дедім мен. – Жағдай солай болды ғой. Өзіңнен күштілер «сына» деп жатса, аямай сынауды талап етіп міндеттесе, оған бағынбасқа не шара?

– Пәлі, сол да сөз бе екен, сынау керек, сынағаның жөн, бірақ сынды сабау құралына айналдыруға болмайды ғой, - деді ол.

– Оныңыз дұрыс. Ол кездегі жағдай солай болды ғой... Мұны сіз жақсы білесіз...

– Жарайды, оны білем. Бұл жолы саған тағы бір разы болғаным – сенің газет арқылы маған хат жазып, кешірім сұрағаның. Сен кешірімді маған келіп менен ғана сұраған жоқсың, оны пәленбай мың оқушы жұртшылықтың алдында газет арқылы сұрадың ғой. Міне, мұның нағыз жігіттік, осыныңды аса жоғары бағалаймын. Біреуден біреудің кешірім сұрауы бір басқа, ал сол кешірімді көпшіліктің алдында сұрау бір басқа. Сені кешірім сұрады деп кішірейтпеймін, қайта оныңды білгендік деп түсінем. Енді көңілімде еш кірбің жоқ, өкпе – араздығым да жоқ. Мен сенің хатыңа жауап берем және оны өз қолыммен жазамын. Әдетте мен ондай хатты машинисткаға диктовать ететін едім. Ал бұл жолы саған жауабымды өз қолыммен жазып, сол газет арқылы қайыратын болам. Сол күннен былай Мұқаңмен арамыздағы қарым – қатынас бұрынғыдай болып қайта басталған еді. Содан былай біз тату туыс, айнымас аға-іні, бір-бірін қатты сыйлайтын ұстаз бен шәкірт қалпына қайта оралдық. Мұқаңмен арамыздағы бұл қатынас ілгерілеп дами берді. Жалпы, әдебиет мәселесі туралы, әсіресе, қазақ әдебиетін зерттеу жайында ақылдасып, кеңесіп отыру салтына көштік. Уақыт өте берді. Келесі бір мәжілістес болып бас қосқанда Мұқаң жаңа ғана баспаханадан келген «Абай жолын» маған сыйлық етті. Кітаптың ішкі бетіне өз қолымен «Кірбіңі кеткен көңілден...» деп жазып берді. Ал, бұл автографтың мәні мен сыры жоғарыда айтылғандай еді.

Мәлік Ғабдуллин