18 мам, 2023 сағат 21:10

"Кіндігін өзім кестім": оралдық әйел нәрестесін қоқысқа қалай тастағанын айтты

© Photo: pixabay.com

Орал қаласында қоқыс жәшігіне баласын тастап кеткен әйел оқиғаны баяндап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан агенттігі "Мой город" порталына сілтеме жасап.

Анасының айтуынша, ол баласын моншада жалғыз өзі босанған. Әйел төртінші жүктілігін ата-анасынан жасырған. Ол екі жыл бұрын күйеуімен ажырасқан. Күйеуі бала тәрбиесіне көмектеспеген, бірақ алимент төлеп тұрған. Ажырасқалы бері келіншек ата-анасымен бірге пәтер жалдап тұрған. Үш баласы кішкентай болғандықтан, жұмыс істеуге мүмкіндік болмаған. Әйелдің айтуынша, қайын енесімен тіл табыса алмаған.

"Мен төртінші жүктілігім туралы білгенімде, кездесіп жүрген жігітіме мән-жайды баяндадым. Ол мені тыңдамастан, телефон тұтқасын қоя салды. Кейіннен маған білгеніңді істе деді. Мен ата-анама айтудан қорықтым. Менің жүктілігімді емханадағы акушер ғана білетін. Ол түсік жасатуға кел деді, бірақ мен бара алмадым", — дейді әйел.

Айтуынша, әйелдің баласын өлтіру туралы ойы болмаған. Толғағы қысқан кезде әке-шешесі мен балалары ұйықтап жатқан.

"Мен жалдап тұрып жатқан үйдің иесінен моншаға түсіп алайын деп сұрадым. Толғағым қысқан кезде моншаға бардым. Өзім босанып, кіндігін өзім кесіп, баланы шомылдырдым. Сыртқа шығып, баланы қоқысқа апармас бұрын біраз ойландым. Не істесем екен деп басым қатты. Ол уақыт таңғы сағат 04:00 шамасы болатын. Не істеп, не қойғанымды білуге мұршам болмады", — дейді әйел.

Әйел жасаған ісіне өкінетінін және барлық баласын өзіне қайтарғысы келетінін айтады. Болған оқиғадан кейін оның үлкен балалары әкесінде қалса, қоқыс жәшігінде қалдырылған баласы – балалар үйінде. Ол балалар үйіндегі ұлына бірнеше рет барған, бірақ баланы көрсетпеген.

Қазір әйел жасаған қылмысы үшін сотты күтіп жүр. Соттан кейін қамқоршылық органдары нәрестенің болашақ тағдырын шешеді.