26 шіл, 2016 сағат 16:59

Киіктер неден қырылуы мүмкін?

Биыл Қостанай, Ақтөбе облыстарында киіктердің белгісіз себептерден қырылуы тағы орын алды. Ғалымдар оның себебін пасте­реллезға, біреулері ракетадан аққан гептил деген отынға жапты. Осы жағдайға байланысты менің сөзіме ғалымдар құлақ аса ма, аспай ма, оны өздері біледі, дегенмен ойымды ортаға салуды жөн көрдім.

Бала кезімізде әке-шеше­мізге мал бағуға көмектесіп өстік. Көктем айы жауын-шашынды болса, жайылымда «шытыр» деген шөп қалың шығатын. Және де ол шөп қой, ешкі сүйсініп жейтін «қоңыр­бас», «мортық» деген шөптер­мен аралас өсетін. Шытыр шөбін жеген малдың іші кеуіп, аузынан ақ көбік ағып өледі. Әкелеріміз қой соңынан жібе­рерде «малды шытыр шыққан жерге жаймаңдар» деп әдейі ескертетін. «Егер шытыр жеп, іші кеуіп өлейін деп жатқан малды көрсең, 5,6-ыншы қабыр­ға­ларының арасына істік ты­ғып, ішіндегі желін шығарып жіберіңдер» дейтін еді. «Түйе малы жесе артынан жел шы­ғара береді. Бұндай кезде түйені қуалау керек. Болмаса іші кеуіп өледі» – деп алдын алу шараларын да айтып жіберетін. Шытыр жауын-шашын көп болатын көктем мезгілінде қаптап шы­ғады. Қауіпті кезі – мамыр айының 15-30 аралығы. Содан кейін дәнін шашып қурап қа­лады. Жауын-шашын аз кезде көп шықпайды.

Шытырдың көп шыққан же­рінде адам баласы да ұзақ отыра алмайды. Себебі исі өткір, ащы, басың айнала бас­тайды. Бұл шөптің шығатын жерлері – шөлді, жартылай шөлді жерлер (Қостанай, Ақ­тө­бе, Батыс Қазақстан облыстары).

Өткен жылдағы Батыс Қа­зақстандағы, биылғы жылғы Қостанай, Ақтөбе облыста­рын­дағы киіктердің қырылу себептері осы жағдайға ұқ­сай­ды (жауын-шашын мол болды, киіктердің қырылуы ма­мыр айының 15-30 аралы­ғында көрініс берді және де өлген киіктердің іші кеуіп, аузынан ақ көбік аққан). Киіктер пастереллез ауруымен ауырса, мамыр айының 30-ынан ке­йін де ары қарай неге қырыла бермейді? Гептил болса, сол маңдағы жан-жануардың бәрі қырылып қалуы керек қой?!

Алдыңғы жылы эфирде Тоқтар Әубәкіров киіктердің қырылу себебiн Кеңес заманында бактериялық қару шығарған Арал теңізіндегі Возрождение аралына сiлтеді. Ағамыздың батырлығына бас иеміз. Бірақ қолында нақты дәлел болмаған соң, бұған да сене алмайды екенсіз. Воз­рож­дение аралының іргесін­дегі Арал қаласының және сол ауданның адамдары да, малдары да дін аман. Теңізден балығын аулап, тіршіліктерін жасап жатыр. Суы ащы болса да киіктері сол теңізден су ішеді (Сексеуіл стансасының маңында, Арал теңізінің ірге­сін­дегі Үстірт жазығында киіктер бар). Теледидардан ғалымдар сөйлеп, жағдайды түсін­дірмек болып жатыр. Бірақ бірде-біреуі аталарымыз бен әкелеріміздің өмірден түйген тәжірибесіне назар аудармай отыр. Егер мамандар киіктердің неден қырылғанын анықтағысы келсе, назарды өлген киік ішінен шыққан шөп­ке және жайылымға аударуы керек.

Болашақта киіктерді аман сақтап қалу үшін көктем уақытында алдын ала шытыр шөбі қалың шыққан жерлерден киіктерді алыс­тату қажет. Осындай шараларды қолдан­басақ, келешекте киік атаулыдан мүлдем айырылып қалуы­мыз мүмкін. Өмірі киік көрме­ген халықаралық мамандар олардың неден қырылғанын анықтап береді деп жүріп, ен даламызда шашылған киіктің қураған қу мүйізі мен қу сүйегін ұстап қалмайық.

Аян АЛДИЯРОВ,
Қостанай облысы.