Қазақстанның Украинадағы елшісі Дархан Кәлетаев Киев қаласындағы біздің елшіліктің жөртөлесін 40 адамның паналап отырғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Киевтегі елшіліктің жертөлесінде 40 адам отыр. Эвакуацияға өтініштер сағат сайын өсуде. Көбі "бәрі ойдағыдай болады" деп үміттенген болуы керек. Біз барлығын ойластырып жатырмыз, шешімін іздеудеміз және бәрімен байланыстамыз. Сондықтан азаматтарымызды сәл сабыр етуге шақырамыз. Біздің мақсат – Украинадағы қазақстандықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, елден аман-сау алып шығу. Біз қолдан келгеннің бәрін жасаймыз», - деді Дархан Кәлетаев.
Одан бөлек, елші сын сағатта тегін көмектесіп жатқан Украинадағы консулдарға алғысын білдірді.
«Қазақстандық консулдықтар туралы жеке айтқым келеді. Құрметті консулдар, Украинаның азаматтары, олар тегін жұмыс істеп жатыр. Мысалы ҚР құрметті консулы Галина Маслюк қазақстандықтар мінген Львовтан Польшаға дейінгі автобустың құнын өз қалтасынан төледі. Біздің азаматтарды эвакуациялауда көптеген адам еңбектеніп жатыр. Олардың дені - волонтерлер. Біз қол ұшын созып жатқан азаматтарға ақы төлемейміз», - дейді ол.