14 мам, 2022 сағат 14:43

Киевте бейбіт тұрғынды атып өлтірді деп айыпталған ресейлік солдаттың соты басталды


13 мамырда Киевте бейбіт тұрғынды атып өлтірді деп айыпталған ресейлік танкистің соты басталды. Бұл - Ресей Украинаға басып кіргелі бері орыс солдаттарының әрекетіне қатысты өтіп отырған алғашқы сот, деп хабарлайды Азаттық.

Тергеу органдарының мәліметінше, сержант Вадим Шишмарин биыл 28 ақпанда велосипед айдап бара жатып, телефонмен сөйлескен 62 жастағы ер адамның басынан атып өлтірген. Бұл оқиға Украинаның солтүстік-шығысындағы Сумская облысының Чупаховка поселкасында болған. 

21 жастағы Шишмаринге Украина Қылмыстық кодексінің "Соғыс заңы мен ережелерін бұзу" бабы бойынша айып тағылып отыр. Оның қандай жағдайда тұтқынға түскені және кінәсін мойындайтыны-мойындамайтыны жайлы ақпарат жоқ. 

13 мамырда сот отырысы бір сағатқа жетпей аяқталды. Судья процестің ашық өтетінін айтып, 18 мамыр күні қаралатын істің тәртібін бекітті. 

Украина билігі Ресей әскерін көптеген қылмыстарға (бейбіт тұрғындарды өлтіру, тонау, зорлау және тағы басқа) айыптайды. Украина бас прокуроры Ирина Венедиктова 600-ден астам күдікті қатысқан 10,7 мыңнан астам әскери қылмысты тергейтінін мәлімдеді. 

Халықаралық қылмыстық сот та ықтимал әскери қылмыстар бойынша тергеу жүргізіп жатыр. БҰҰ Адам құқықтары кеңесі жуырда Киев түбіндегі әскери қылмыстарды зерттеуді талап ететін қарар қабылдаған. Қарарда БҰҰ өкілдері құжатқа түсірген адамдарды атып өлтіру, азаптау, жыныстық зорлық-зомбылық және өзге де қатігез әрекеттер баяндалған.

Украина билігінің мәліметінше, Киев облысында бір айға созылған оккупация кезінде Ресей әскері шамамен мың бейбіт тұрғынды өлтірген. Wall Street Journal бейсенбі күні Киев маңындағы "ажал сүрлеуі" атанып кеткен аумақта ондаған адамның қазасы туралы зерттеу жариялады. Ресей әскері жолда өтіп бара жатқан бейбіт тұрғындардың көліктеріне оқ атқан. 

Ресейде де украин әскерилеріне қарсы қылмыстық істер қозғалған. Оларға Донбастағы бейбіт тұрғындарға оқ атты деген айыптар тағылған. Осы аптада тергеу комитетінің төрт украин солдатына айып таққаны хабарланды.