Украина Киев облысының Бузовая селосында ондаған бейбіт адам жаппай көмілген жер табылғанын хабарлады. Бұл өңірден таяуда ғана Ресей әскері кеткен, деп жазады Азаттық.
Сол өңірдің басшысы Тарас Дидыч Украина телемарафонында сөйлеген кезде адам көмілген жер жанармай бекетіне таяу тұстан шыққанын хабарлаған. Бузоваядан өтетін негізгі жолда қалған ондаған машина ішінде де мәйіттер жатқанын айтқан. Reuters агенттігі әзірге бұл ақпаратты нақтылай алмаған.
Украинаның әскері де Ресей солдаттары жаппай жерленген орындарға кез болғанын мәлімдеді. Украина Қарулы күштерінің стратегиялық коммуникация басқармасы Ресей солдаттары көмілген жер Харьковтен сегіз шақырым қашықтағы Ольховка селосынан табылғанын фотосуреттермен көрсетті. Бұл ақпаратты растау, я болмаса терістеу соғыс жағдайында мүмкін емес.
Бірнеше апта бойы Киевті қоршауға алуға талпынған Ресей әскері таяуда ғана шегінген. Олар кеткеннен кейін Буча қаласының көшелерінде бейбіт адамдардың мәйіті шашылып жатқаны белгілі болған. Украина мен Батыс елдері мұны Ресейдің әскери қылмысы деп айыптады, Мәскеу теріске шығарды.