Бүгін Парламент қабылдаған кибербуллинг туралы заң бойынша барлық тараптың пікірі ескерілді. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отрысынан кейін тілшілерге депутат Айдос Сарым айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бірнеше рет сұхбат бергенмін, оған көңілім толады. Менің ойымша, барлық тарап өзін жеңімпаз деп санай алатын заң деп есептеуге болады. Себебі заң әзірлеген адамдар ретінде осынша сынды басымыздан өткердік. Атап айтқанда, оны Парламенттің қабылдағанына, Президенттің қол қоюына жіберілгені көңілімізден толығымен шығады», - деді Сарым тілшілер сауалына жауап бере отырып.
Осы орайда аталған құжат аясындағы сарапшылар тобына қатысты пікір білдірді.
«Заңды сынаған азаматтар, заңға күдік тудырғандар, осы құжат бізге қауіп төндіреді деген азаматтар да өзін жеңімпаз деп санай алады. Өйткені уәкілетті орган Ақпарат министрлігінің құқықтары нақтыланды, шектелді. Сын айтқандар сараптама тобының құрамына кіруге мүдделі болуы керек сияқты. Екіншіден, бізге «балалардың құқығын желеу етіп, әлеуметтік желіні бұғаттап тастағысы келеді» деген пікір айтылды. Сенаторлар құжат ішіне нақты бап енгізді, яғни бұл тек кибербуллингке қатысты жағдайларды ғана қамтыған», - деді депутат.
Сонымен қатар ол бірінші нұсқада да ешқандай қайшылық болмағанын алға тартты. Бұл заң бастапқыдан интернетті бұғаттауға немесе біреудің құқығын шектеуге бағытталмаған.
Айта кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау, білім беру, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Сенат енгізген өзгеріспен келісті.
Осылайша, сенаторлардың ұсынысы бойынша Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі өз қалауы бойынша интернет-ресурстардың, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің жұмысын шектеуге немесе тоқтатуға мүмкіндігі болмайды. Тек балаға қатысты кибербуллинг деп танылған ақпаратты ғана жоюға болады.
Балаларға қатысты кибербуллинг қандай болмақ, өзгесі қандай болады, сенаторлар оны мемлекеттік органға емес, арнайы құрылған сарапшылар тобына шешуді ұсынды.