Ұлыбритания Жоғарғы соты Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпуновтың ұлы Ілияс Храпуновты қазақстандық "БТА банктің" пайдасына 500 миллион доллар төлеуге міндеттеді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі америкалық Newsweek басылымына сілтеме жасап.
Сот Ілияс Храпуновты "БТА банктің" бұрынғы басшысы, қазір шетелде тұратын Мұхтар Әблязовпен астыртын сөз байласып, оған "алты миллиард доллардан астам қаржы жымқыруға көмектесті" деп айыптады.
Сот дерегінше, қаржының бір бөлігі АҚШ президенті Дональд Трампқа жылжымайтын мүлік бизнесі арқылы қитұрқы жолмен жіберілген болуы мүмкін.
Алматының бұрынғы әкімі, Қазақстанның бұрынғы энергетика министрі, 69 жастағы Виктор Храпунов қазір Швейцарияда тұрып жатыр. Храпуновқа және оның жақындарына Қазақстан билігі сыбайлас жемқорлық айыптары бойынша іздеу жариялаған.
Қазақстанның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Виктор Храпуновты, оның әйелі Ләйлә Храпунованы және "олардың сыбайласы" деп саналатын Айяр Ілиясовты бұған дейін бірнеше рет тергеуге шақыртқан, бірақ олар келмеген.