13 нау, 2026 сағат 11:23

«Химиясыз даму жоқ»: ғалым сала болашағы туралы пікір білдірді


Біз күнделікті өмірде де химиямен тығыз байланыстамыз: тұтынатын азық-түлік, киетін киім, қолданатын косметика мен тұрмыстық химия өнімдерінің барлығы химиялық элементтер мен қосылыстардың нәтижесі. Осы орайда Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің профессор Сейтхан Азатұлының айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда химия ғылымы мен өнеркәсібі халықаралық деңгейде біртіндеп танылып келеді. 

Маманның пікірінше, Қазақстанда химия саласы біртіндеп дамып келеді. Алайда әлемдік деңгеймен салыстырғанда әлі де артта қалу байқалады.

«Көптеген өндірістер ескі технологиямен жұмыс істейді. Сонымен қатар ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейтетін технопарктер мен ортақ алаңдар жеткіліксіз», – дейді ол.

Ғалым кадр тапшылығын да басты мәселе ретінде атап өтті. Химия мамандығына түсетін жастар саны азайып бара жатқаны да алаңдатады.

Соңғы жылдары мемлекет ғылымды қолдауға ерекше көңіл бөліп отыр. Зерттеу орталықтары жаңарып, жас ғалымдарға арналған гранттар мен әлеуметтік қолдаулар көбейген.

Сонымен қатар халықаралық ғылыми бағдарламаларға қатысу мүмкіндігі де кеңейген. Дегенмен, ғалымдардың айтуынша, ғылымда тұрақтылық әлі де қажет.

«Ғалым 10–15 жыл алаңсыз жұмыс істеуі керек. Ал бізде кейде жобалар үзіліп қалады немесе қаржыландыру кешігеді», – дейді профессор.

Қазіргі таңда әлемде «жасыл химия» бағыты қарқынды дамып келеді. Бұл – қоршаған ортаға зияны аз, энергияны үнемдейтін және қалдықсыз өндіріс құруға бағытталған ғылым.

«Жасыл химия – тек ғылыми бағыт емес, бұл адамзаттың экологиялық қауіпсіздігіне қосылған үлес», – дейді Сейтхан Азатұлы.

Қазақстан үшін де бұл бағыт өзекті, себебі тау-кен, металлургия және мұнай салалары экологияға айтарлықтай жүктеме түсіреді.

Қазақстан химия өнеркәсібі үшін қажетті шикізатқа бай ел. Ел аумағында фосфорит, күкірт, мұнай, газ конденсаты, сирек жер элементтері сияқты стратегиялық ресурстар өндіріледі.

Алайда мәселе – осы шикізатты терең өңдеп, қосылған құны жоғары өнім шығару деңгейінің төмендігі.

Ғалымның айтуынша, химиясыз қазіргі өмірді елестету мүмкін емес. Дегенмен тұтынушы ретінде әр адам өнім құрамына мән беруі тиіс.

Мысалы, азық-түліктегі қоспалардың кейбірі зиянсыз (E300 – С дәрумені), ал кейбірі денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін.
Сол сияқты косметика, тұрмыстық химия және киім таңдауда да өнім құрамына назар аудару маңызды.

«Химияны түсіну – өз денсаулығыңа жауапкершілікпен қарау», – дейді ғалым.

Химия өнеркәсібі – тек өндіріс саласы емес, ол экономиканың, ғылымның және күнделікті өмірдің маңызды бөлігі. Саланың дамуы үшін ғылым, өндіріс және білім беру жүйесі бір-бірімен тығыз байланыста болуы қажет.