Фото: видеодан скриншот
Алматы облысы Талғар аудандық сотында бұқаралық ақпарат құралдары «Хуторские» ҰҚТ жетекшісі деп атайтын Хасан Қасымбаевқа үкім шығарылды, деп хабарлайды Ult.kz Tengrinews.kz тілшісіне сілтеме жасап.
Сот Хасан Қасымбаевты адам ұрлау, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру және қорқытып ақша алу баптары бойынша кінәлі деп таныды. Айыптардың жиынтығы бойынша оған 12 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жазасын ол орта қауіпсіздік мекемесінде өтейді.
Одан бөлек, іс бойынша тағы бес айыпталушы болды. Оларға да дәл осы баптар бойынша 8 жылдан 22 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.
Оларға тағайындалған жазалар:
-
Р. А. – 20 жыл;
-
С. А. – 8,5 жыл;
-
М. К. – 12 жыл;
-
Д. А. – 8 жыл;
-
Н. С. – 22 жыл.
Соңғы сөзінде Қасымбаев өз кінәсіздігін айтып, істің қолдан жасалғанын мәлімдеді. Ол қылмыс құрамының жоқтығына байланысты өзін ақтауды сұрады. Алайда сот айыпталушының уәждерін негізсіз деп тапты.
Бұған дейін прокурор Ерлан Құланбаев Қасымбаевқа 15 жыл бас бостандығынан айыруды, ал қалған айыпталушыларға 9 жылдан 22 жылға дейін жаза тағайындауды сұраған болатын.
Іс материалдарына сәйкес, 2021 жылдың жазында айыпталушылар Талғарда жекпе-жек жаттықтырушысы әрі спортшы Арман Әлімовке шабуыл жасап, ұрып-соғып, оны Кендала ауылының сыртына апарған. Айып бойынша, бұған Әлімовтің «Қасымбаев мен үшін бедел емес» деген сөзі себеп болған. Мұны естіген Хасан Қасымбаев оны «жазалауды» ойлап, жанындағыларды іске тартқан.
2021 жылы осы оқиға бойынша үш күдікті – С. А., Д. А. және М. К. – бұзақылық дерегімен сотталған. Кейін іс қайта қаралып, тағы екі күдікті – Р. А. және Н. С. – қосылды. 2024 жылы бес айыпталушыға үкім шықты. 2024 жылдың қарашасында жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты іс қайта жанданып, алтыншы фигурант – Хасан Қасымбаев істің құрамына енгізілді.
Тағы бір эпизод – қорқытып ақша алу фактісі. Қасымбаев пен оның серіктері кәсіпкер Әріпжан Тәжиевтен дәріханасының жұмысы үшін ақша талап еткен. Жәбірленушіні есінен танғанша ұрып, бір миллион теңге беруді талап еткен.
Талғар тұрғындары Қасымбаевты «Хуторские» ҰҚТ жетекшісі деп атайды. Оның аты 16 жастағы Шерзат Полатты (Болатты) өлтіру дерегі жария болғаннан кейін жиі атала бастады. Қоғамда жасөспірімді өлтірді деген күдіктілер осы топқа қатысты деген болжамдар айтылды, тіпті бұл топ қаланы бірнеше жыл бойы үрейде ұстап отыр деген пікірлер болды.
Алайда мұндай қылмыстық топтың бар екені дәлелденбеді. ІІМ мен прокуратура өкілдері бұл ақпаратты 2024 жылы-ақ жоққа шығарған. Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов 2024 жылдың қазанындағы брифингте: «Бізде “Хуторские” деген ОҚҚ ресми тіркеуде жоқ», – деп мәлімдеген.
Соған қарамастан, Қасымбаев 2024 жылдың 5 қарашасында қамауға алынды. Бірақ оған ҰҚТ құру және басқару бойынша айып ресми түрде тағылған жоқ. Алматы облысы прокуратурасының мәліметінше, Қасымбаев пен басқа да фигуранттарға қатысты тергеу 2025 жылдың 28 наурызында аяқталған.
