11 там, 2022 сағат 17:36

Хаменова бір апта бұрын облыс әкімінің орынбасары лауазымынан босатылған


Бақытгүл Хаменова бір апта бұрын Атырау облысы әкімінің орынбасары лауазымынан босатылған.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі бұл деректі растады, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, Атырау облысының әкімі Бақытгүл Хаменованы атқаратын лауазымынан бостау туралы өкімге 2022 жылғы 3 тамызда қол қойылған. 

«Хаменова Бақытгүл Қайыржанқызы Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 59-бабының 9-тармақшасына сәйкес мемлекеттік саяси қызметшіні ол атқаратын лауазымға тағайындау (сайлау) құқығы берілген лауазымды адамның (орган) тиісті шешімі бойынша ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен облыс әкімінің 2022 жылғы 3 тамыздағы №267-ө өкімімен атқаратын лауазымынан босатылды», - деп хабарлады әкімнің баспасөз қызметінен.

Айта кетейік, Хаменова Атырау облысы әкімінің орынбасары лауазымына 2020 жылғы 13 наурызда тағайындалған. 

Бақытгүл Хаменова Абай ескерткішін орнатуға бөлінген қаражаттан пара алды деген күдікпен ұсталды. Ол былтырғы желтоқсан айында ұсталып, тергеу изоляторына қамауға алынды.

Бүгін, 11 тамызда Атыраудағы №2 қалалық сотта Хаменоваға қатысты отырыс өтіп жатыр. 

Бақытгүл Хаменова мен Ақылбек Рысқалиевтің ісі ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы 3-бөлігінің 3-тармағымен тергелген. Ал, «Балқыту» ЖШС директоры Өміртай Адамов ҚР Қылмыстық кодексінің 367-бабы 2-бөлігімен тергеуге алынған.

Сотта Хаменова өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ. 

Ал, оның адвокаты Бақытгүл Хаменованы үй қамағына ауыстыруды сұрады. 

Сот адвокаттың өтінішіне қатысты әзірге нақты шешім шығарған жоқ.