Биыл 14,7 млрд теңгеге 31 жолаушылар вагоны сатып алынады. Бұл туралы халыққа есеп беру кездесуінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Жолаушы вагондарының паркі шамамен 2,6 мың бірлікті құрайды, орташа тозуы – 46 пайыз. Халық тарапынан вагондардың жай-күйіне қатысты әділ шағымдар бар. Шынында да, парктың жартысы ауыстыруды қажет етеді. 2020 жылы мемлекеттік қолдау тетігі аясында ұлттық тасымалдаушы 40 млрд теңгеге «Тұлпар» зауытының отандық өндірісінің 100 вагонын сатып алды. Биыл 14,7 млрд теңге сомасына 31 жолаушылар вагонын сатып алуды жоспарлап отыр», - деді министр.
Оның айтуынша, аталған вагондар Алматы – Маңғыстау және Алматы – Атырау бағыттарына жеткізіледі.
«Жалпы, 2025 жылға дейін бюджеттік несиелендіру аясында 295 вагонды жаңарту жоспарланып отыр. Бұдан басқа, осы жылдың соңына дейін 252 вагонның санитарлық тораптарын жаңарту жоспарланған. Бүгінде 215 вагонның санитарлық торабы жаңартылды», - деді Бейбіт Атамқұлов.