14 там, 2019 сағат 13:19

Халықтың мақұлдауынсыз еш актіге қол қойылмайды - Бақытжан Сағынтаев

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Наурызбай ауданы халқымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кездесу кезінде әкім кез келген жерде халық пікірін ескерудің маңыздылығын атап өтті.

«Бақылау мәселесі болмай жатыр. Адамдар тарапынан мердігерлердің құнттамайтындығы жөнінде шағым көп. Жасап кетеді, артынан қирап жатыр. Егер жол, арықтар жасалып жатса, тұрғындармен келісіп бақылау орнату керек. Көше тұрғындарының көңілі толмаса, қабылдау- тапсыру актісіне қол қойылмайды. Кісілер сапасы дұрыс десе ғана қол қоямыз», - деді әкім.

Қала басшысы мемлекеттік қаржыны игерудегі олқылықтарды да атады.

«Президент айтқандай, бізде көп дүние берілген қаржыны тезірек игеру, есеп берумен құтылу болып табылады. Жұмыс 100 пайыз орындалды, аяқталды. Аяқталған ештеме жоқ. Тездетіп ақшаны төлеп тастадық. Өйткені, жоғары жаққа есеп беру керек. Мұның қажеті жоқ. Мемлекет бөлген, халық игілігіне жұмсалған қаржы босқа кетті. Не қаржы жоқ, не жасалған дүние жоқ. Одан да асықпай сапалы жасалсын. Келер жылға көшетін болса, көшсін. Оған түсінікті себеп бар», - деді ол.