14 шіл, 2022 сағат 14:28

Халықтың қолма-қол ақшасыз операциялары ұлғайып келеді


Елімізде онлайн төлемдердің үлесі 83 пайыздан асты. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Төлем жүйесі қарқынды дамып келеді. Биылғы 5 айда халықтың қолма-қол ақшасыз операциялары өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 35,6 трлн теңгеге дейін 51 пайызға өсті. Онлайн төлемдердің үлесі 83 пайыздан асты», - деді Пірматов.

Төрағаның атап өтуінше, Ұлттық төлем жүйесінің құрамдас бөліктері енгізілді. Оның аясында лездік төлемдер жүйесін және төлем карточкаларының банкаралық жүйесін құру жұмысы жүргізілді. Лездік төлемдер жүйесі бойынша 9 банк жүйеге қатысу туралы шарт жасасты. Оның 4-еуі өз клиенттері үшін лездік төлемдер жүйесі сервистеріне кіру рұқсатын ашты. Қалған банктер биылғы қазанға дейін біртіндеп қосылады.

«Қазіргі уақытта карточкалық төлемдерді қабылдау бойынша қызмет көрсететін барлық банктер Төлем карточкаларының банкаралық жүйесіне қосылды және олардың трафигін Төлем карточкаларының банкаралық жүйесіне аудару қамтамасыз етілді. Алдағы уақытта осы сервистерді ауқымды ету, қаржылық қызметтердің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін Open API және Open Banking дамыту тұжырымдамасын әзірлеу, қаржы ұйымдарының онлайн қызметтерінің қауіпсіздігі үшін биометриялық сәйкестендіру бойынша сервисті кеңейтуді жоспарлаудамыз», - деді ол.