Қазақстандықтардың қаржы ұйымдары алдындағы берешегі 19 трлн теңге, деп мәлімдеді депутат Үнзила Шапақ бүгін өткен Парламент Мәжілісі отырысында. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" хабарлайды.
"2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 8,5 миллион қазақстандықтың қаржы ұйымдарының алдында 19 трлн теңге сомасына берешегі бар, оның ішінде 8,2 миллион азаматтың кепілсіз тұтынушылық кредиттер бойынша берешегі 10 трлн теңгені құрайды. Бұл ретте 1,6 млн азаматтың 1,7 трлн теңгеге проблемалық кредиттері бар (90 күннен артық мерзімі өткен)", - дейді депутат Үнзила Шапақ.
Айта кетейік, Мәжіліс депутаттары кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заң жобасын әзірледі.
Заң жобасында мынадай негізгі бағыттар қамтылған:
Бірінші. Проблемалық қарыздары бар азаматтардың қарыз жүктемесінің өсуіне жол бермеу үшін кредиттер бойынша төлем мерзімін кешіктіру 90 күннен асқан жағдайда оларға кепілсіз тұтынушылық кредиттер беруге тыйым салу жөнінде норма енгізіледі.
Бұдан басқа, банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін барлық қолданыстағы (өтелмеген) тұтынушылық кредиттер бойынша төлем мерзімін кешіктіру 90 күннен асқан соң сыйақы есептеуге тыйым салынады.
Проблемалық кредиттерді реттеу рәсімдерін іске асыру арқылы азаматтардың проблемалық берешек деңгейін азайту — маңызды шара. Соңғы жылдары банктер мен микроқаржы ұйымдары өз баланстарын тазарту үшін жеке тұлғалардың проблемалық кредиттерін айтарлықтай жеңілдікпен коллекторларға беру практикасы қалыптасты.
Сондықтан да қарыз алушылардың мерзімі өткен берешекті реттеу құқықтарын қорғау үшін банктер мен микроқаржы ұйымдарының азаматтардың кредиттерін төлем мерзімі өткен кезден бастап 24 айдан соң және кредитор берешекті реттеу рәсімдерін жүргізгеннен кейін ғана коллекторлық агенттіктерге сатуына рұқсат беру ұсынылады.
Бүгінгі күні коллекторлық агенттіктер едәуір көлемде жеке тұлғалардың қарыздарын сатып алып, олар бойынша қарыздың барлық сомасын қайта құрылымдаусыз өндіріп алуда.
2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еліміздің 890 мың азаматының 382 млрд теңге сомасындағы қарыздары коллекторлық агенттіктерге берілген.
Осыған орай, жеке тұлғалардың сатып алынған кредиттері бойынша берешекті реттеу рәсімдерін жүргізу бойынша коллекторлардың тікелей міндетін енгізу ұсынылады.
Халықтың шамадан тыс кредит алуына жол бермеу үшін тұтынушылық кредиттер бойынша берешектің абсолютті мөлшерін шектеу бөлігінде берешекті реттеу рәсімін қатаңдатудың маңызы зор. Қазір банктер мен микроқаржы ұйымдарының тұтынушылық кредиттері бойынша берешектің орташа деңгейі шамамен 1,5 млн теңгені құрайды, бұл ретте мұндай кредиттер бойынша берешектің ең жоғары мөлшері заңнамада белгіленбеген. Қарыз жүктемесінің шамадан тыс өсуін шектеу үшін заңнамалық тұрғыда тұтынушылық кредит деген ұғым енгізіледі, бұл оның ең жоғары мәнін (банктер үшін – 5 млн теңге, МҚҰ үшін – 2 млн теңге) нормативтік деңгейде шектеуге мүмкіндік береді.
Қосымша шектеу шарасы ретінде жаңа макропруденциялық норматив – азаматтардың банктер мен микроқаржы ұйымдарының кредиттері бойынша жиынтық берешегінің қарыз алушының табысына қатынасы енгізіледі.
Екінші бағыт – кредиттер бойынша мерзімі өткен берешекті сотқа дейін реттеу шеңберінде азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту.
Соңғы жылдары тұтынушылық кредит берудің өсуі аясында Мәжіліс депутаттарының және мемлекеттік органдардың атына проблемалық берешек деңгейін төмендетуге көмек көрсету жөнінде азаматтардан көптеген өтініштер келіп түсуде.
Бұл ретте, банк омбудсманы проблемалық кредиттерді, әсіресе, тұтынушылық кредиттерді сотқа дейін реттеу шеңберінде қарыз алушылардың құқықтарын қорғауға іс жүзінде қатыспайды, өйткені оның өкілеттігі ипотекалық қарыздар бойынша дауларды қараумен шектеледі.
Осыған байланысты, заң жобасында банк омбудсманының азаматтардың барлық кредиттері бойынша дауларды реттеу міндеті енгізіледі. Сондай-ақ, банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлар үшін банк омбдусманының шешімдерін орындау міндеттілігі енгізіледі.
Үшінші бағыт – атқарушылық іс жүргізу шеңберінде азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту.
2021 жылғы желтоқсанда тұрғын үй түріндегі кепілдің сот шешімімен немесе соттан тыс сатылуы шеңберінде қарыз алушылардың құқықтарын құқықтық қорғауды күшейтуге ықпал еткен заңнамалық түзетулер қабылданды. Атап айтқанда, кепілге қойылған мүлікті сатудың 3 айлық мерзімі енгізілді, тұрғын үйді төменгі құны бойынша сатуды болғызбау мақсатында кепілдің сату бағасының төменгі шегі кепілдің бастапқы бағалау құнының 50%-ынан 75%-ына дейін көтерілді, кепіл ұстаушының және онымен үлестес тұлғалардың сауда-саттыққа қатысуына тыйым салынды.
Қарыз алушылардың мүдделерін қорғаудың қосымша шарасы ретінде атқарушылық іс жүргізу шеңберінде кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларды жылыту маусымында жалғыз баспанасынан шығаруға тыйым салу енгізіледі (қазіргі уақытта мұндай тыйым халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына қатысты қолданылады).
Кредиттер бойынша берешекті өндіріп алу процесінде қарыз алушыларды қорғау үшін заң жобасында қарыз алушының банктік шотында сақталатын ақша сомасы ең төмен күнкөріс деңгейінің бір еселенген мөлшерінен екі еселенген мөлшеріне дейін ұлғаяды (86,8 мың теңге).
Төртінші бағыт – азаматтардың кредиттер бойынша банкроттық рәсіміне қолжетімділігін жеңілдету.
2023 жылғы наурыздан бастап банктердің, микроқаржы ұйымдарының және басқа да кредиторлардың кредиттері бойынша жеке тұлғалардың соттан тыс банкроттығының заңнамалық рәсімі енгізілді.
Банкроттыққа өтініш беру үшін қарыз алушыдан ағымдағы берешегі бойынша және барлық кредиторлар, мерзімі өткен қарыздың реттелуі туралы көптеген құжаттар мен мәліметтер беру талап етіледі. Бір құжатты қате ұсынудың өзі қабылдаудан бас тартуға негіз болып табылады. Нәтижесінде, қазіргі таңда 84 мың өтініштің ішінде банкроттық рәсімі 9,5 мың (11,3%) азаматқа қатысты жүргізілді.
Соттан тыс банкроттық рәсімі шеңберінде артық әкімшілік кедергілерді жою мақсатында заң жобасында борышкердің мерзімі өткен берешекті реттегенін растайтын құжатты ұсынуы бойынша талап алып тасталады.
Бұдан басқа, заң жобасында реттеу және өндіріп алу рәсімін жүргізу мерзімі 18 айдан 12 айға дейін қысқартылады.
Бесінші бағыт – кредиттер бойынша алаяқтықты азайту.
Қаржылық алаяқтықпен байланысты қылмыс санының өсуі байқалады. Өткен жылы келтірілген зиян көлемі 5,8 млрд. теңгені құрады.
Азаматтарды алаяқтардан қорғауды күшейту үшін заң жобасында азаматтардың кредит алудан ерікті түрде бас тартуын белгілеу құқығы енгізіледі. Мұндай бас тарту болған жағдайда банктер мен микроқаржы ұйымдарының жеке тұлғаға кредит беруіне тыйым салынады. Сонымен қатар, кредиторлардың кредит алудан ерікті түрде бас тарту кезеңінде ресімделген азаматтардың кредиттері бойынша берешекті есептен шығару міндеті белгіленеді.
Ұсыныстардың алтыншы және жетінші бағыттары Мемлекет басшысының банктерде стрестік активтер деңгейін төмендетуге және бизнестің кредиттеуге қолжетімділігін, оның ішінде бірлескен және синдикатталған кредиттеу тетіктерін қолдану арқылы кеңейтуге қатысты тапсырмаларын іске асыруға бағытталған.
Осыған байланысты, қаржы ұйымдарының стрестік активтерді мамандандырылған цифрлық платформалар арқылы өткізу, бейрезидент-банктерді қосу есебінен синдикатқа қатысушылар құрамын кеңейту міндеттерін енгізу жөніндегі нормалар ұсынылады.