30 қаз, 2018 сағат 13:05

Халықты жұмыспен қамту бойынша Қазақстанның қай өңірлері көш басында?

ҚР Еңбек және халықты жұмыспен қамту вице-министрі Нариман Мұқышев халықты жұмыспен қамту бойынша көш басындағы және көш соңындағы өңірлерді атады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бүгінгі таңда бізде республика бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқуды бітірген 31 мың адамның 18 мыңы жұмысқа орналасты. Бұл ретте ең жоғары көрсеткішке ие өңірлер - Ақмола, Қостанай облыстары. Ол жақта қысқа мерзімді кәсіптік оқу бітіргендердің 85 пайызы жұмыс тапқан. Сонымен бірге, Алматы облысында осындай оқудан өткендердің 74 пайызы, ал Солтүстік Қазақстан облысында 71 пайызы жұмысқа орналастырылған», - дейді Нариман Мұқышев.

Айта кетсек, бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова бұл бағытта Маңғыстау облысы (25 пайыз), Жамбыл облысы (39 пайыз), Алматы қаласы (27 пайыз) мен Астана қаласының (41 пайыз) көрсеткіштері төмен екенін хабарлаған болатын.

Еске сала кетсек, бүгінгі Үкімет отырысында министр нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қалай жүзеге асырылып жатқанын баяндаған еді.

Оның айтуынша, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар мен дағдылар бойынша  жаппай оқытуды көздейді. Министр атап өткендей, тегін техникалық және кәсіптік оқыту шеңберінде осы жылғы 1 қыркүйектен бастап 20 мың адам оқуға кіріскен. Бұл жылдық жоспардың 99 пайызын құрайды.