13 қыр, 2022 сағат 12:45

Халықтан түсіп жатқан шағым көп – Смайылов елдегі интернет сапасы жайлы


Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Цифрландыру, ғылым және инновация есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасын іске асыру барысы қаралды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, Ұлттық жоба аясында мемлекеттік қызмет көрсетудің 175 бизнес-процесіне жаңа әдістеме бойынша реинжиниринг жасалған. Нәтижесінде жұмсалатын қағаз саны мен қажетсіз бюрократия жойылды. 2025 жылға дейін барлық 5 мың бизнес-процеске толық реинжиниринг жасалатын болады. Мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа ауыстыру жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр, бүгінде олардың үлесі 94%-ға жетті.

Сондай-ақ 9 мемлекеттік қызмет түрін Халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ, бейне-қызмет арқылы алу мүмкіндігі іске асырылды. Жыл соңына дейін олардың саны 44-ке дейін жеткізілмек. ХҚКО-ларды жаңғырту жоспар бойынша жүзеге асырылуда, қазірдің өзінде 8 жаңа фронт-офис халыққа қызмет көрсетіп жатыр. 2024 жылға дейін 115 халыққа қызмет көрсету орталығы жаңғыртылады.

«Kaznedra» бірыңғай платформасы бойынша бүгінде тестілеу режимінде «minerals.gov.kz» сайты іске қосылды. Қазірден бастап пайдаланушының жеке кабинетінде интерактивті картаға басылған жер қойнауы туралы 1,5 мың электронды есеп қолжетімді. Платформа арқылы жер қойнауын барлауға тиісті лицензияға өтінім беру және уәкілетті мемлекеттік органмен өзара электронды хат алмасу мүмкіндігі бар.

Құрылыс және көлік салаларын цифрландыру аясында E-Qurylys платформасында 92 республикалық автомобиль жолдарының құрылысын бақылау процесі жүзеге асырылып жатыр. 

Ауыл шаруашылығы саласында 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап Субсидиялаудың жүйесі іске қосылды. Мұнда фермерлерге қажетті мемлекеттік қолдау жөніндегі барлық ақпарат жиналған, бұл фермерлерге шығындарды 30%-ға қысқартуға, жалпы құжаттармен әуре-сарсаңды қысқартуға мүмкіндік береді.

Отын-энергетика кешені саласында барлық АЖҚС қосылған мұнай және газ конденсатын есепке алудың ақпараттық жүйесі пайдалануға енгізілді. Енді жаңармай және өзге шикізаттың сатылуы мен қоры туралы ақпарат онлайн түрде қолжетімді болады. 

Білім беруді цифрландыру бойынша маңызды жобалардың бірі – оқулықтар портфелін цифрлық форматқа көшіру. Бүгінде қолда бар 670 баспа оқулығының 97% цифрлық форматқа көшірілді. Жыл соңына дейін 100% цифрландырылады.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ұлттық жоба аясында ғылыми экожүйенің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

Баяндамашыларды тыңдаған Премьер-Министр Ұлттық жобаны іске асыру IT-саладағы Жалпы ішкі өнімнің үлесін 5%-ға дейін ұлғайтып, қолданбалы ғылыми зерттеулерді қаржыландыруда жеке сектордың үлесін кемінде 50%-ға арттыруы тиіс екенін айтты. Сонымен қатар оның аясында азаматтарға әлеуметтік қолдау алуды жеңілдетуге мүмкіндік беретін жобалар пулы іске асырылып жатыр. 

«Жақында пилоттық негізде іске қосылған «Отбасының цифрлық картасы» жобасы осы тәсілдердің бірі болып табылады. Бұл жоба атаулы әлеуметтік көмек алуға мұқтаждық тууы мүмкін 480 мыңнан астам отбасын және зейнетақы төлемдері мен жәрдемақы алып отырған 100 мыңға жуық азаматты қамтуға мүмкіндік берді. Жобаны биылғы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр», — деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, «Әлеуметтік әмиян» жүйесін іске қосу және инвесторларға нақты уақыт режимінде минералдық ресурстардың деректер банкіне еркін қол жеткізуге мүмкіндік беретін «Kaznedra» платформасын енгізу жоспарланып отыр. 

Премьер-Министр Үкімет алдында ғылыми зерттеулердің нәтижелілігі мен экономиканың түрлі секторларында қолданылуын арттыру сияқты маңызды міндет тұрғанын атап өтті.

Осы орайда Әлихан Смайылов соңғы жылдары ғылым туралы заңнамаға біршама өзгерістер енгізілгенін және оны қаржыландыру 2 есеге жуық өскенін айтты.


«Бізге жұмсалған қаражаттың тиімді қайтарымы қажет. Отандық индустрия, ғылыми қоғамдастық, университеттер мен бизнес барынша өзара тығыз байланыс орнатуы қажет. Ғылыми жетістіктер өндіріске енгізіліп, халыққа нақты пайда әкелуі тиіс. Ғылым министрлігі бұған ерекше назар аударуы керек», — деді Әлихан Смайылов.

Бұл ретте Премьер-Министр бірқатар бағыттар бойынша бұрын белгіленген жоспарлар мен кейбір көрсеткіштердің орындалмай қалғанын атап өтті. Пациенттердің денсаулық жағдайын үздіксіз бақылау және проактивті медициналық қызмет көрсету үшін eHealth бірыңғай экожүйесін әзірлеу жұмыстары уақытылы жүргізілген жоқ. Сонымен қатар «Цифрлық агрокәсіпорын» және «Цифрлық карьер» жобаларын іске асыру барысында да сұрақтар бар. Жер мен жылжымайтын мүліктің мемлекеттік кадастрын автоматтандыру және орталықтандыру рәсімі аяқталған жоқ.

«Жалпы,  интернет-қызметтердің сапасына сұрақтар бар. Алыстағы елді  мекендерді айтпағанда, біздің ірі қалаларымызда Интернет байланыстың сапасы  барлық жерде бірдей жақсы емес. Халықтан  түсіп жатқан шағым көп. Егер Интернет байланыс жақсы болмаса  цифрлық платформалардың  және ақпараттық жүйелердің пайдасы жоқ. Цифрлық даму министрлігі бұл мәселені  ерекше бақылауда ұстау керек», — деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ ол цифрландыру саласындағы барлық мүдделі мемлекеттік органдардың және ұйымдардың жұмысын үйлестіруді күшейту қажет екенін айтты.  

Сөз соңында Әлихан Смайылов ақпараттық жүйелердің істен шығуын азайтатын жүйелі шаралар қабылдауды, жыл соңына дейін «Отбасының цифрлық картасы» және «Әлеуметтік әмиян» жобаларының тиімді жұмысын қамтамасыз етуді, сондай-ақ 2023 жылдың соңына дейін «Kaznedra» платформасын іске қосуды тапсырды.

Сонымен қатар Премьер-Министр елдің ғылыми-техникалық дамуына жеке инвестицияларды кеңінен тарту үшін жаңа ғылыми-зерттеу орталықтары мен зертханалар құруды басым инвестициялық жобалар тізбесіне енгізу мәселелерін пысықтауды тапсырды.