Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «QAZAQSTAN» телеарнасына берген сұхбатында қаңтар оқиғаларына қатысты тергеу әлі де жүргізіліп жатқанын, сондықтан оның нәтижелерін айту әлі ерте екенін мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Қазір өте ауқымды тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бас прокуратура нақты ақпаратты жүйелі түрде жариялап жатыр. Қандай да нәтиже туралы айтуға әлі ерте. Бұл - өте күрделі мәселе. Қазір тергеу құпия түрде жүргізіліп жатыр. Өйткені, бұл өте ерекше іс болғандықтан біраз уақыт керек. Көп ұзамай халқымызды мазалап отырған сұрақтарға міндетті түрде жауап беріледі. Бәрі де айтылады. Халықтан ештеңені жасырып қалмаймыз. Қазір тек мына нәрсені ғана айта аламын. Бұл біздің халқымыздың қауіпсіздігіне, еліміздің тұтастығына төнген қауіп болды", - деді Мемлекет басшысы.