14 қыр, 2021 сағат 12:44

Халыққа сатылатын көмір бағасының заңсыз өсуіне жол бермеу керек - Атамқұлов


Тұрғындар үшін көмір бағасының заңсыз өсуін болдырмау керек. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жалпы жылыту маусымына дайындық бекітілген жоспарға сәйкес жүріп жатыр және министрліктің тұрақты бақылауында. Алдағы жылу беру маусымына уақытылы дайындалу мақсатында әкімдіктер белгіленген мерзімде білім, денсаулық сақтау объектілерін, тұрғын үйлерді және елді мекендердің инженерлік инфрақұрылымын дайындау бойынша барлық жөндеу жұмыстарының орындалуына бақылауды қамтамасыз етуі қажет», - деді министр. 

Сонымен қатар жергілікті атқарушы билік көмір тапшылығын болдырмау мақсатында көмір жеткізушілерімен белсенді өзара іс-қимыл жасауы тиіс.

«Монополияға қарсы ведомствоның аумақтық бөлімшелерін тарту арқылы коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер мен тұрғындар үшін көмір бағасының заңсыз өсуін болдырмау керек. Дербес қазандықтар үшін отынды уақтылы дайындау және қолда бар дебиторлық берешекті өтеу бойынша іс-шаралар қабылдауы тиіс», - деді Бейбіт Атамқұлов.