Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) Түркіменстанның мемлекет органдары таратқан ресми мәліметті "Халықаралық экономиканың өсуін болжау" туралы 2020 жылғы есебіне пайдаланудан бас тартты. Бұл туралы Азаттықтың Түркімен қызметі хабарлады.
ХВҚ есебінде Түркіменстанның жалпы ішкі өнімі 0,8 пайыз деп көрсетілген. Ал түркімен үкіметінің дерегі бойынша, бұл көрсеткіш 5,9 пайызға жеткен.
Глазго университетінің оқытушысы, Орталық Азия мәселелері жөніндегі сарапшы Лука Анчески Түркіменстан экономикасы туралы есепте көрсетілген мәлімет елдегі экономикалық ахуалды дәлірек көрсетеді деп айтқан.
Оның айтуынша, бұған дейін Халықаралық валюта қоры, Азия даму банкі, Дүниежүзілік банк сияқты халықаралық ұйымдар өз есептерінде түркімен үкіметінің деректеріне сүйеніп, Түркіменстандағы шынайы ахуалды көрсетпейтін деректерді жариялап келген.
Азаттықтың Түркімен қызметі және өзге де тәуелсіз басылымдар соңғы бірнеше жылда Түркіменстан экономикасының құлдырағанын, азық-түлік дағдарысы, қымбатшылық, банкоматтардағы ақша тапшылығы мәселесі туралы жиі жазып келеді.
Президент Гурбангулы Бердіұхамедов 11 наурыз күнгі отырыста халықаралық экономиканың тұрақсыз ахуалына қарамастан Түркіменстанның макроэкономикалық көрсеткіштері "тұрақты күйде" қалды деп мәлімдеген.