Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Мәдениет және спорт министрлігіне халықаралық терминдерді қазақ тіліне аудару тәсілдерін қайта қарастыруды тапсырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Sputnik Қазақстан агенттігіне сілтеме жасап.
"Елбасы жолдауда қазақ тіліндегі терминология мәселесіне де ерекше назар аударды. Қалыптасқан халықаралық терминдерді аударып, қазақ тілін қиындатудың қажеті жоқ екенін атап көрсетті. Қайта біз латын графикасына көшу жағдайында халықаралық терминдерді тілімізге ыңғайлы, ұтымды пайдалану жағын қарауымыз керек. Осыған байланысты мәдениет және спорт министрлігі жалпы жұрт мақұлдаған әлемдегі терминдерді аударудың тәсілдерін қайта қарауы тиіс", — деп тапсырды Сағынтаев үкімет отырысында министр Мұхамедиұлына.
Айта кетсек, президент жолдауында халықаралық терминдерді қазақ тіліне аудару тәжірибесін сынаған болатын. Мемлекет басшысы тәсілдерді қайта қарастырып, терминология тұрғысынан қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындатуды тапсырды.
Нұрсұлтан Назарбаев латын әліпбиіне көшу бұл мәселені реттеуге мүмкіндік беретініне сенім білдірді.