29 нау, 2022 сағат 16:35

Халықаралық олимпиадада жеңген балаларға қандай қосымша мүмкіндіктер беріледі?


ҚР Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарына қандай қосымша мүмкіндіктер жасалатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат

«Мектептегі білім берудің сапасы мен тиімділігін сипаттайтын негізгі параметрлердің бірі – дарынды балаларды анықтау, дамыту және оларды республикалық, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарға қатыстыру. 2020-2021 оқу жылында қазақстандық 26 оқушы жеті беделді халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды. 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында Президент осындай дарынды балаларды, сондай-ақ олардың ұстаздарын жан-жақты қолдау міндетін қойды. Халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін, олардың педагогтерін көтермелеу оларды халықаралық деңгейде жоғары нәтижелерге қол жеткізуге ынталандыру тетігі болып отыр. Бұл жалпы алғанда елдің білім саласы мен адами капиталының дамуына оң әсер етеді. Сонымен қатар, мұндай ынталандыру механизмі тиісті нормативтік құқықтық актілермен реттелуі және жүйеленуі керек, яғни ынталандыру қарастырылатын нақты олимпиадалардың тізімі бекітілуі тиіс», - деді Г. Кәрімова Орталық коммуникациялар қызметінде. 

Осы орайда Жолдауды іске асыру жөніндегі Жалпы ұлттық іс-шаралар жоспарын орындау мақсатында жеңімпаздар мен жүлдегерлерді жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына конкурстан тыс қабылдау, жүлдегерлерге және оларды дайындаған педагогтерге біржолғы ақшалай сыйлық беру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, жоғары оқу орындарына конкурстан тыс қабылдау үшін олимпиаданың пәні кадрларды дайындау бағытына сәйкес келген жағдайда, білім грантарын тағайындау жүзеге асырылады. Жыл сайын шамамен 50 жеңімпазға гранттар бөлінеді. Мысалы, 2021 жылы қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадалардан 26 медаль алды (2020 жылы – 16). 

Сонымен бірге, соңғы үш жылда жеңімпаз атанған дарынды балаларға білім беру грантын тағайындау үшін олимпиадалар мен жарыстар тізбесіне іріктеу критерийлері әзірленуде. 

«Сонымен қатар, халықаралық олимпиадалардың алтын медаль иегеріне – 1500 айлық есептік көрсеткіш, күміс медаль – 1000 АЕК, қола медаль иегеріне 500 АЕК мөлшерінде біржолғы сыйақы төлеу республикалық бюджет қаражаты есебінен жоспарлануда. Сондай-ақ, оларды дайындаған педагогтерге біржолғы сыйақы төлемдері мынадай мөлшерде белгіленеді: алтын медаль иегерін дайындаған педагогке – 150 АЕК, күміс медаль – 100 АЕК, қола медаль – 50 АЕК», - деді комитет басшысы.