Алматы облысында тағы да жағымды жаңалық. Ашып айтсақ, Батыс Еуропа – Батыс Қытай жолының бойында орналасқан Панфилов ауданында халықаралық деңгейдегі автобекет салынбақ. Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен құрылыс жобалары жайындағы арнайы жиында айтылды.
Кездесу өңір аумағында жаңадан салынуы тиіс құрылыс нысандарының тұрғызылу тәртібін қадағалауды мақсат етті. Аталған шараға өңір басшысының бірінші орынбасары Лаззат ТҰРЛАШОВ қатысып, әуелі күн тәртібінде қаралуы тиіс жобалармен танысып шықты.
Осы ретте, Панфилов ауданында салынатын автобекеттің жоба-жоспарына толықтай қаныққан Лаззат Тұрлашов тоғыз жолдың торабына орналасқан аталмыш жобаның облыс әкімінің назарында екенін айта келіп, ондағы құрылыс сапасының қатаң бақылауда ұсталуын тапсырды.
– Бұл жобаның халықаралық маңызы бар нысан екенін білеміз. Оның үстіне ол жолаушылар үшін көпсалалы әрі кешенді қызмет көрсету мүмкіндігіне ие. Сол себепті де оның ішкі-сыртқы әрлеу жұмыстары заман талабына сай, көңілге қонымды болуы тиіс, – деді Лаззат Махатұлы.
Айталық, қазірге дейін автотұрақ, су жүйелері, ішінара дизаин үлгісі қайта қаралып, реттеу жұмыстарын өткерген мекеме жобасы көпшілік тарапынан қолдау тапқанымен, әлі де болса ғимарат сызбасына өзгерістер енгізу керектігі байқалады.
Басқосу барысында өңір әкімінің бірінші орынбасары құрылыс қарқынды жүргізілген сайын оған деген жауапкершіліктің де арта түсетінін, сонымен бірге, оның сәулеті де басты назарда болуы керектігін баса айтты. Осыған орай, құрылыс саласының мамандары бас қосқан жиында аймақта салынатын бірқатар нысанның тұрғызылу тәртібі де қаралды. Нәтижесінде, олқылықтар түзетіліп, ендігі жерде кемшіліктердің қайталанбауы керектігі ескертілді.
Мәселен, Талдықорғанда бой көтерген еңселі өнер ордасы – облыстық драма театр құрылысы да әкімдік назарынан тыс қалған емес. Сөзіміздің куәсі сол, жиын барасында аталған нысан құрылысына қатысты да мамандар пікірі де тыңдалды. Соның ішінде ғимарат қасбетінің қандай үлгіде жасалуы керектігі талқыланып, бұл мәселе төңірегінде құрылыс алаңында тағы бір кеңес өтетіні айтылды.
Басқосуда бұдан бөлек тағы бес инвестициялық жоба қаралып, нысандардың орналасу, салыну тәртібіндегі артық-кем тұстары сараланды. Бәрінде де құрылыс сапасының басты назарда болуы қатаң қадағаланатыны айтылды. Сонымен қатар, биылғы жылы ел аумағында дүркіреп өтетін айтулы шара – Астананың жиырма жылдығына тарту ретінде салынып жатқан нысандардың да жай-жапсары баяндалды.
Қозыбай ҚҰРМАН,
Алматы облысы