18 там, 2021 сағат 14:12

Халық үшін комуналдық тарифтер күрт өспейді – Табиғи монополиялар комитеті


ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының міндетін атқарушысы Асхат Жапсарбай былтырғы тамыздан бері тарифтердің қалай өзгергені туралы мәлімет берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде БАҚ өкілдері бір жылда комуналдық тарифтердің қалай өзгергені туралы сұрады. 

«Жалпы Қазақстан бойынша 1200-ден астам табиғи монополия субьектісі бар. Әрбір табиғи монополия субьектісінің 2-3 түрлі тарифі болады. Оның бәрі экономикалық жағынан сараланып, қарастырылады. Өңірлер бойынша айтсақ, мысалы су бұру, сумен қамсыздандыру бойынша тариф былтырдан бері өскен жоқ. Керісінше кейбір өңірлерде тарифтер түсті. Сонымен қатар, жылу бойынша тарфитер өзгерген жоқ. Тарифтің өсуіне көбінесе стратегиялық тауарлардың қымбаттауы әсер етеді. Сондықтан энергия өндіруші ұйымдардың тарифінің өсуі табиғи монополия субьетілеріне мультипликативті әсер етіп отыр», - деді комитет төрағасының міндетін атқарушы.

Сондай-ақ, ол өңірлердегі табиғи монополия субьектілерінен тарифті көтеру туралы өтініштер түсіп жатқанын атады.

«Өңірлер бойынша табиғи монополия субьектілері тариф көтеру туралы өтініш жолдаған. Ол өтініш қаралып жатыр. Бірақ біз халық үшін тарифті көтермеуге тырысамыз. Біздің ойымызша, ол халыққа көп әсер етпейді. Былтырғы төтенше жағдай кезіндегі тарифтің түсуін еске алатын болсақ, табиғи монополия субьектілерінің 80 пайыздан астамы тарифті сол деңгейден көтерген жоқ. Біз осы бағытта жұмысты жалғастырып жатырмыз. Халық үшін тарифтер күрт өспейді. Біз оны міндетті түрде бақылаймыз», - деді комитет басшысы.