10 нау, 2022 сағат 11:23

Халық табысының сатып алу қабілетін қорғауға ерекше мән беріледі - министр


Халық табысының сатып алу қабілетін қорғауға ерекше мән беріледі. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның атап өтуінше, Халықтың табысын арттыру бағдарламасын іске асыру аясында табыстың сатып алу қабілетін қорғауға ерекше мән беріледі. 

«Осы бағытта мынадай іс-шаралар іске асырылатын болады: ӘМАТ тізбесіне енбеген азық-түлік тауарларының өндірісін ұлғайту; ішкі нарықтың импортын негізгі азық-түлік емес тауарлармен алмастыру бойынша іс-шараларды іске асыру; халықтың проблемалы қарыздарымен жұмыс істеу бойынша банктердің жеке жоспарларын қабылдау», - деді Әлібек Қуантыров. 

Министрдің айтуынша, аталған іс-шараларды іске асыру нәтижесінде 2025 жылға қарай ЖІӨ-дегі еңбекақының үлесі – 34,5%; жалпы табыстағы еңбек қызметінен түскен табыстар үлесі – 76,2%; табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен аз халықтың үлесі – 5,2%; жұмыссыздық деңгейі 4,7% болады. Бүкіл кезең ішінде барлығы 2 млн астам адамға жұмыс орны құрылады. 

Министрдің айтуынша, шағын және орта бизнесті дамытуды ынталандыру кәсіпкерлерді қолдаудың өңірлік бағдарламасы аясында кредиттер/микронесиелер бойынша жергілікті бюджеттерден субсидиялар беру, моно-, шағын қалалар мен ауылдық елді мекендерде жеңілдікпен микрокредит беруді және жаңа кепілдік беру құралын енгізу арқылы жүзеге асырылатын болады.