22 қыр, 2022 сағат 16:52

Халық банктің Ресейдегі 80 айтишнигіне әскерден шақырту келген


Бұл туралы «Халық банк» АҚ-ның басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова Kazakhstan Growth Forum іс-шарасында айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Бізде мәселен, Москоммерцбанк банк бар (Халық банктің еншілес компаниясы). Кеше Ресейде мобилизация жарияланғаннан кейін сол банктегі 80-ге тарта қызметкер тәуекелде қалды. Көбі айтишниктер. Көбіне әскерге шақырту келген. Яғни күнделікті операциялық мәселелер бізді күнбе-күн тауып алатын болған. Оны біз бұрын ойламаппыз да. Ал операциялық тәуекелдердің бәрін уақтылы жауып отыру керек. Ал соншалықты адамды қайдан табамыз? Олардың орнын кім жабады? Біз ковид кезеңінен өттік. Бейімделе бастадық. Бірақ алда бізді не күтіп тұрғанын білмейміз. Өкінішке қарай, бұл үлкен тегеуріндер», - дейді Үміт Шаяхметова.

Айта кетсек, Алматыда бизнес элитаның маңызды оқиғаларының бірі – Kazakhstan Growth Forum өтіп жатыр. Соңғы 12 жыл бойы Kazakhstan Growth Forum жыл сайын қазақстандық бизнестің негізгі қатысушыларын, мемлекеттік органдардың өкілдерін, тәуелсіз саясаттанушыларды, экономистерді және ең мықты топ-менеджерлерді жинап, өзекті мәселелерді талқылап келеді.

Биыл форумда қазақстандық және халықаралық компаниялардың 200-ден астам бас директоры бас қосып, бизнес стратегияларын қайта қарастырып, жаңа шындықта жаңа шешімдер тауып, пікір алмасады.

Еске сала кетсек Ресей президенті Владимир Путин елінде ішінара мобилизация жариялаған болатын.