24 сәу, 2018 сағат 19:03

Халық банкі Altyn Bank акциясының 60%-ын Қытай инвесторларына сатты

"Қазақстанның Халық банкі" АҚ "Altyn Bank" АҚ үлесінің 60%-ын сату бойынша келісімді аяқтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Баспасөз хабарламасында айтылғандай, China CITIC Bank Corporation Limited (CITIC Bank) банкі акциялардың 50,1%-ын, ал China Shuangwei Investment Co., Ltd. (Shuangwei) 9,9%-ын сатып алған.

Бірақ қазақстандық акционерге Altyn Bank капиталының әлі де 40% үлесі тиесілі, сондықтан тараптар арасында бекітілген акционерлік келісімге сәйкес белгілі бір құқықтарға ие болады. Қытай және Қазақстанның реттеуші органдары мақұлдаған соң жоғарыда аталған келісімге қол жеткізілді.

Altyn Bank — бұрын Қазақстанның HSBC банкі деп аталған — ел нарығында 1998 жылдан бері қызмет етіп келеді. 2014 жылдың қарашасында оны Халық банкі толығымен сатып алып, иемденді.

2017 жылдың соңындағы ахуал бойынша, банк активтері 386,6 миллиард теңгені құрайды, ал капиталы 53,8 миллиард теңге.