Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры басқарма төрағасы Жанат Құрмановты халық алдына шығып, жеткілікті шектің неге өскенін уақытында түсіндірмегені үшін сынап тастады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Мәжіліс отырысында сақтандыру нарығы туралы заң жобасын талқылау кезінде депутаттар БЖЗҚ басшысына бірлескен ерлі-зайыпты аннуитеті туралы сұрақ қойды. Алайда Жанат Құрманов қойылған сұраққа нақты жауап бере алмады.
"Осы заңның жаңа нормалары екінші нұсқаны кеңейтеді. Әрине, өмірде әртүрлі жағдай болады, мысалы ерлі-зайыптының бірі қайтыс болуы мүмкін немесе ажырасады. Сондықтан заң бойынша осындай мәселелер шешіледі. Шартқа қосымшада жеке төлем кестесі бойынша осы мәселені шешуге болады", - деді Құрманов.
Осы кезде Нұрлан Нығматулин одан "қалай шешуге болады?", - деп сұрады.
"Шешуге болады деп үшінші рет айтып отырсыз. Сіз бір айдың ішінде халық алдына шығып, сұрақтарға (жеткілікті шек жайлы) неге жауап бермегеніңіз енді түсінікті болды. Бір мәселеге жауап бере алмайсыз. Тікелей сұраққа сол жақтан да, оң жақтан да кіретін жол іздеп тұрсыз. Депутат тікелей сұрады ғой. Қалай басқарып жүрсіз, егер соны білмесеңіз? Екі негізгі қадам жасау керек. Соны айта алмай тұрсыз", - деп ұрсып тастады спикер.
Нығматулин Құрмановқа мәжіліске дайындалып келу керек екенін ескертті.
Еске салсақ, 3 желтоқсанда БЖЗҚ зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдаланудың жеткілікті шегі өсетінін хабарлады. Бұл жаңалық қоғамда дау туғызды. Қазақстандықтар мемлекеттік органдардың шекті межені халықпен талқыламай, еш ескертусіз 70%-ке дейін көтеріп тастағанына ашуланды.
Кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көпшіліктің пікіріне құлақ асып, бұрынғы межені көтеру мерзімін келесі жылдың сәуіріне дейін тоқтатуды тапсырды.