Өткен жылы қазақстандықтардың жан басына шаққандағы орташа табысы артып, 116 мың теңгеден сәл астамды құрады. Бұл туралы ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы хабарлайды, деп жазады ҚазАқпарат.
«2020 жылы халықтың орта есеппен жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табыстары айына орта есеппен 116 126 теңгені құрады және атаулы мәнде 2019 жылмен салыстырғанда 11,4% өсті.
Осы кезеңдегі тұтыну тауарлары мен көрсетілетін қызметтерге бағалардың 6,8% өсімі кезінде халықтың нақты ақшалай табыстары өткен жылмен салыстырғанда 4,3% жоғарылады», - делінген хабарламада.
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2020 жылы халықтың орта есеппен жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табыстарының ең жоғары мөлшері Атырау облысында байқалды. Онда осы көрсеткіш орташа республикалық деңгейден 2 есеге жуық жоғары болды.
Табысы ең төмен өңірлер ретінде Түркістан облысы және Шымкент қаласы белгіленді. Бұл өңірлердегі халықтың табыс мөлшері орташа республикалық деңгейдің 55-65% құрады.
2020 жылы өңірлер бойынша халықтың жан басына шаққандағы табысының ең жоғарғы және ең төменгі шамасы арасындағы айырмашылық 3,4 есені құрады (2019 жылы – 4 есе).