Жапонияда «Хагибис» дауылынан қаза тапқандар саны 80 адамға жетті, – деп хабарлайды Kyodo агенттігі.
«Жапонияда ауқымды су тасқынына ұшыратқан «Хагибис» тайфуны салдарынан көз жұмған адамдардың саны жексенбі күні 80-ге дейін өсті. Іздестіру жұмыстары әлі жалғасуда» делінген хабарламада.
Сондай-ақ су тасқыны мен нөсер салдарынан ондаған адамның із-түзсіз жоғалғаны атап өтілген. Жапонияның Табиғи апаттар мен өрттерді жою агенттігінің деректеріне қарағанда, сұрапыл дауыл салдарынан су басқан және бүлінген үйлер саны 56 мың 753 болып отыр. Бұл өткен жылы елдің батысында, 200 адамның өмірін қиып кеткен нөсердегі бүлінген ғимараттардан 51 мыңға көп.
Айта кетсек, өткен аптада Жапонияны жайпап өткен «Хагибис» тайфуны соңғы 60 жылдың ішіндегі ең сұрапылы болып отыр.