Қарағанды облысында адасып кеткен ер адамдар құтқарылды
Қарағанды облысында далада адасып кеткен ер адамдарды құтқару сәті видеоға түсірілді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері екі күн бойы далада жүрген Приозерск қаласының екі тұрғынын құтқарды. Олардың бірінің табылған сәті видеоға түсірілген.
Көмек туралы сигнал Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментіне 6 маусымда таңертең түскен. Қоңырау шалған ер адам досымен 3 маусымда Приозерск қаласынан Қаражалға шыққанын айтқан. Жолда көліктері бұзылып, екеуі қалаға жаяу қайтуға бел буған. Бірақ адасып қалған. Ұялы байланыс болмай, кейін телефондары өшіп қалған. Дала кезген ер адамдар жүрген жерінде құтқарушыларға із қалдырған.
"Ер адамдар бірге 100 шақырымдай жол жүрді. Біреуі әбден шаршап, қараусыз қалған ғимаратта қалуды ұйғарған. Ал екіншісі ары қарай жүрісін жалғастырған. 6 маусымда таңертең қараусыз қалған ғимараттағы ер адам аз уақытқа қуаты біткен телефонын қосып, бізге хабарласып үлгерді. Ол өзінің шамамен орналасқан жерін хабарлап үлгерді", - деді Приозерск қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Мақсат Абюров.
Құтқарушылар жоғалған ер адамдарды жеті сағаттан кейін тапқан. Оның серігі 15 шақырым жерден табылды.
"Іздеуге хабарланған координаттардың дәл болмауы кедергі келтірді. Бұл аумақта қараусыз қалған ғимараттар жиі кездеседі, әрбір ғимаратты тексеру өте ұзақ уақытты алады. Ер адам от жаққаны дұрыс болған. Сигналды көріп, соған қарай жүрдік. Екеуі де шаршап, сусыз, тамақсыз көп уақыт жүрді. Жол бойы бізге алғыс айтты, жылап, қуанды. Біз олармен бірге қуандық", – дейді Мақсат Абюров.
Ерлердің денсаулығы қанағаттанарлық, медициналық көмек қажет емес. Құтқарушылар алыс жолға шыққанда барлық ережені сақтауға шақырды.
"Жолға шығар алдында көліктің жұмысқа жарамдылығын тексеріп, туыстарына ескертіп, қайту уақытын белгілеңіз, байланыс құралдарын өзіңізбен бірге алыңыз, жол белгілерін қадағалаңыз", - деп ескертті Приозерск қалалық ТЖ бөлімінің басшысы Мақсат Абюров.