13 сәу, 2022 сағат 15:35

Кейбір ірі бөлшек сауда базарлары нарық бағасымен санаспайды – министрлік


Қазақстанда кейбір базар басшылары саудагерлерге жеке талаптарын қойып, бағаны өздері қоятыны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елімізде бөлшек саудаға бақылау біраз жылдардан бері жүргізілмей келеді. Сонымен қатар нарықтағы сауда үстемақысына да бақылау жоқ. Оның үстіне, бөлшек саудамен айналысатын кейбір ірі базарлар нарық бағасымен санаспайды. Осы арада бөлшек садуа нарығында делдалдар пайда болып жатыр. Олардың пайда болуы бағаға тікелей әсер етеді. Сол сияқты, үйдің жанында ашылған азық-түлік дүкендері тауарларды дәл осы бөлшек сауда базарлары мен қоймалардан алады», - деді ҚР Сауда және интеграция министрлігі сауда комитеті төрағасының орынбасары Айдар Әбілдабеков Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында. 

Оның айтуынша, дүкен, базар және басқа сауда нүктелерінде заңбұзушылықты байқаған жағдайда жергілікті атқарушы органдарға жүгінген жөн. 

«Анықталғандай, еліміз бойынша кейбір сауда базарларындағы орынға шектеу қойылған. Одан бөлек, базар басшылары бағаны өздері белгілейтін жағдай да бар. Яғни, базар басшылары саудагерлерге өз талаптарын жүргізетін көрінеді. Осыған орай ірі бөлшек сауда базарлары мен қойма басшыларына, егер тұтынушылардан шағым түссе жоспардан тыс тексеру жүретінін ескерткім келеді», - дейді ол.